Фото: Shutterstock/FOTODOM
Алматылық дәрігерлер жер сілкінісі кезінде зардап шеккен тұрғындардың қазіргі жағдайын айтты.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жер сілкінісі кезінде зардап шеккен үш ересек адамға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
«Үш науқас қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында емделіп жатыр. Біреуінің хәлі ауыр, екеуінің жағдайы орташа. Барлық науқас толық көлемде қажетті медициналық көмек алады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ балаларға шұғыл медициналық жәрдем көрсету орталығында 4 бала емделіп жатыр.
Олардың жағдайы орташа, бірқалыпты.
Еске салайық, 23 қаңтарға қараған түні алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Алматыдағы жер сілкінісінің күші 5 балл болды.