Фото: видеодан скриншот
Алматы қаласында мемлекет пайдасына тәркіленуі тиіс мүлікті заңсыз иемдену мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізген адамдар тобына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған қылмыстық іс бұған дейін Коспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты жүргізілген тергеумен байланысты. Бұл топ «AV-Construction», «Стекольный завод», «Шалқар 17», «Бахар-А» және өзге де кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алу фактілері бойынша әшкереленген.
Сот шешіміне сәйкес, тәркілеу мақсатында Алматы қаласындағы «Никольский» базары аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тыйым салынған.
Алайда 2025 жылдың қыркүйек айында Аслан Пухаев, Антон Соловьёв және Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы бұл тыйымды заңсыз алып тастаған.
Осыдан кейін жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын жер телімі мен мүлік жалған тұлғалардың атына қайта рәсімделіп, сату әрекеттері жасалған.
Сот кінәлілерді 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді, ал мүлік толықтай мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерге заңсыз араласу ауыр қылмыс екенін ескертіп, мұндай әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын мәлімдеді.
