17 қаң, 2025 сағат 18:09

Алматыдағы ауданда тұрғындар газсыз қалды: полицейлер тергеуді бастады

Фото:depositphotos.com

Алматының Түрксіб ауданындағы газ құбыры қалпына келтірілді, ал полиция тергеуді бастады, - деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kzке сілтеме жасап.

Алматының Түрксіб ауданындағы кәріз құбырларын өз бетінше төсеу барысында бүлінген орташа қысымды жерасты газ құбыры қалпына келтірілді. Ол "У Асимы" мекемесіне кәріз құбырларын өз бетінше тарту барысында зақымданған.

"Жеке тұлғалар қалалық қызметтердің келісімінсіз түнде асфальтты тесіп, газ құбырын зақымдаған. Жауапсыз әрекеттердің салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысы тоқтатылды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына QazaqGaz Aimaq АҚ-ның 150 жұмысшысы мен 6 техникасы жұмылдырылды. Тұтынушылардың бір бөлігін үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында "АТКЭ" ЖШС-нің "Әуежай" қазандығы мәжбүрлі түрде резервтік отын мазутқа ауыстырылды", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша газ құбырындағы ақау жойылды. Мамандар жүйеге қысым сынағын жүргізеді, содан кейін тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрбір үйге барып, газды біртіндеп қосады.

"Тұрғындарды қауіпсіздік техникасын сақтауға және газды өздігінен қоспауға шақырамыз", - деді әкімдік өкілдері.

Алматының қала құрылысы бақылау басқармасы бұл дерек бойынша жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын бастады. Нәтижесінде әкімшілік шаралар қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі.

Сонымен қатар, оқиғаның салдарын жоюға кеткен барлық шығын кінәлі тұлғаға жүктеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Түрксіб ауданында тұратын алматылықтар түннен бері газ жоқ екенін айтқан еді. Олардың сөзінше, көп үй жылусыз қалған.

Кейінірек QazaqGaz Aimaq АҚ 16 қаңтарда кәріз құбырларын төсеу үшін жүргізілген жұмыстар кезінде орташа қысымды жерасты газ құбырының учаскесі зақымдалғанын хабарлады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алматылықтардан газ крандарын жабуды және жұмыстар аяқталғанға дейін крандарды ашпау сұралды.