Маусым айында қазақстандықтар жедел жәрдемді жиі шақыра бастаған. Осы себепті, медициналық көмекті күту уақыты да ұзарған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің онлайн отырысы өтті. Онда қоғам қайраткері, журналист Сергей Пономарев тұрғындардан түсіп жатқан сұрақты қойды. Олардың сөзінше, қоңырау шалынғаннан кейін жедел жәрдемнің келетін уақыты екі сағаттан екі күнге дейін созылады. Мүлдем келмей қалатын жағдайлар да болады.
«Иә, біз бұл жағдай туралы білеміз. Тұрғындар байланыс орталығымызға шағымдарын айтып, хабарласады. Қазір жедел жәрдем қызметіне жүктеме артты. Күніне 6 мыңға жуық қоңырау түседі. Олардың 50% ауруханаға жатқызумен және жедел жәрдемнің келуімен байланысты: 30% жедел жәрдем бойынша, 20% ауруханаға жатқызу бойынша», – деді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Оның айтуынша, қазір барлық мәселені шешу мүмкін болмай жатыр.
«Әр жағдайды жеке қарастыруға тырысамыз және оларды мүмкіндігінше шешуге әрекет жасаймыз», - деді ол.
Өз кезегінде, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов күніне шақыртуларға республика бойынша 1400 бригада шығатынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда бізде 1900-ге жуық жедел жәрдем көлігі бар. Әрине, көлік жетіспеушілігі байқалады. Десе де, аталған проблеманы ақырындап шешіп жатырмыз. Мәселен, өткен жылы 300-ге жуық жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Биыл 800 дана сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қалыптасқан жағдайға байланысты жедел жәрдем саласын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл соңына дейін тағы 800-ден астам көлік сатып алынбақ», – деді Бауыржан Жүсіпов.
Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында жедел жәрдем бригадалары 3 миллионға жуық қоңырауға қызмет көрсеткен. «Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш едәуір ұлғайған. Елде жедел жәрдем қызметінің жүктемесі 40% артты»,– деді ол.
Сонымен қатар, Б.Жүсіпов жүктеменің артуына байланысты қызмет көрсету тәртібінің өзгергенін де тілге тиек етті. Мәселен, науқастың өміріне қауіп төнген жағдайда бригада 10-15 минутта жетеді. Ал айқын қауіп болмаса, келу уақыты 60 минутқа дейін созылады. Бұған қоса, коронавирус жұқтырғандарға көмектесудің де өз алгоритмі бар.