01 сәу, 2021 сағат 11:11

Алматыда студенттер жатақханасынан коронавирус анықталды

Алматыда студенттерге арналған жатақханалардың бірінде коронавирус инфекциясы тіркелді. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

"Жатақханалардың бірінен коронавирус анықталды. Індет жұқтырған студенттер ПТР тестін өздері тапсырған. Онда эпидемиологиялық шаралар қабылданды. Байланыс шеңбері анықталды. Барлығы бақылауда", - деді спикер.

Оның айтуынша коронавирус үш студенттен анықталған. Олар бір бөлмеде тұрмаған.

«Алматы бас санитария дәрігерінің қаулысы күшіне енді. Ол бойынша 1-курс студенттері офлайн оқи алады, бұл жатақханада тұруға да қатысты. Сабақ оқуға мүмкіндігі және тұратын жері жоқ студенттер барлық санитарлық норманы сақтай отырып жатақханада қала береді», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол қазір қалада вирустың мутацияға ұшыраған британиялық және оңтүстікафрикалық штаммдарының белгілері анықталғанын атап өтті. 

Оның қауіптілігі сол, ол бұрынғыдан екі есе тез тарайды. Сондықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет.