17 ақп, 2021 сағат 10:15

Алматыда сотталушы түрмеден қашып кетті

Алматыда сотталушы тергеу изоляторынан қашып кетті. Арнайы жедел-іздестіру шаралары өткізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қылмыстық-атқару жүйесі баспасөз қызметінен хабарлағандай, 15 ақпанда ЛА-155/18 мекемесінен (тергеу оқшаулағышы) сотталған 1987 жылғы Д.Т. Давутовтың қашып кету фактісі тіркелген. 

«Алматы полициясының департаменті аталған фактімен Қазақстан Республикасының 426-бабымен сот алдындағы тергеу амалдарын бастады. Жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деп нақтылады ведомстводан. 

Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚАЖ комитеті басшылығының қатысуымен қызметтік тексеріс тағайындалғаны хабарланып отыр.

Оның қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға тиісті шаралар қолданылады.