16 сәу, 2021 сағат 10:46

Алматыда скутер, мопед сияқты көліктердің қатысуымен болатын жол апаттары көбейді

Алматыда скутер, мопед, велосипед, самокаттың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында полиция жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде мопед жүргізушісінің полиция қызметкерімен сөз таластырып жатқан видеосы пайда болды. 

Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде полиция қызметкерлері скутер, мопед, самокат және велосипед жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

«Өкінішке орай, соңғы кезде Алматы көшелерінде жоғарыда аталған көліктердің қатысуымен болатын апаттары жиілеп кетті. Әсіресе, курьерлік жеткізу қызметі өкілдерінің әрекетінен болатын жазатайым оқиғалар көп. Осындай оқиғалардың бірінде жас жігіт қаза тапты. Бұл дабыл қағуға және екі дөңгелекті көлік жүргізушілерін жауапкершілікке шақыруға себеп. Жедел және алдын алу шаралары жалғасады»,- деп атап өтті полициядағылар.

Сонымен қатар, полиция ережеге сәйкес, егер мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 текше метрден асса, онда ол көлік ретінде полицияда тіркелуі керек және жүргізушінің тиісті санаттағы куәлігі болуы шарт екенін атап өтті.

«Кеше, 15 сәуірде осындай мопедтің бірі ұсталды. Қозғалтқыш көлемі - 150 текше метр. Жүргізушінің куәлігі мен мемлекеттік нөмірі жоқ. Бүгін, 16 наурызда, таңертең дәл сондай жағдай басқа жүргізуші тарапынан қайталанды. Екі жүргізушіге де әкімшілік хаттама толтырылды. Мопедттер айыппұл тұрағына қойылды», - деп толықтырды департамент өкілдері.