08 мам, 2025 сағат 11:41

Алматыда шала туған сәбилерді зағиптықтан сақтайтын ерекше операциялар жасалды

Фото: ҚР Денсаумин

Алматыда Қазақстан медицинасының тарихында алғаш рет шала туылған нәрестелерге ерте бастан витрэктомия жасау – сәбилердің көру қабілетін мәңгілікке жоғалтпауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық операция бойынша халықаралық шеберлік сыныбы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Шеберлік дәрісі Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында (Алматы қ.) шала туылған нәрестелер ретинопатиясының ауыр түрлерін емдеуге маманданған әлемге әйгілі үнді офтальмологиялық хирургы, доктор Нихил Палдың қатысуымен өтті. Төрт күн ішінде оның жетекшілігімен дәрігерлер бригадасы Қазақстанның 12 облысынан келген 14 балаға 20 ота жасады. Ең кішкентай науқастың жасы  небәрі – 2,5 айлық.
Шеберлік дәрісінің өзекті тақырыбы балалар офтальмологиясындағы ең күрделі де қорқынышты диагноздардың бірі: шала туғандардың ретинопатиясы (РН) болды.

Қазақстанда жыл сайын 22 мыңнан астам шала туған нәресте дүниеге келсе, олардың 4 мыңға жуығы ретинопатия қаупімен бетпе бет келеді.  

«Соңғы жылдары ретинопатия Қазақстанда сәбилер соқырлығының нағыз індетіне айналды. Бұл күн сайын емес, сағаттап өршитін ауру. Егер кешіктірсеңіз, бала анасының жүзін ешқашан көрмей өтуі мүмкін», - дейді еліміздің жетекші балалар офтальмологы Әсел Шәріпова.


Соңғы 10 жылда осы мәселеде Қазақстанда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді: ерте диагностикалық хаттамалар енгізілді, 40-тан астам офтальмолог оқытылды, аймақтық бригадалар құрылды. Бірақ, осы уақытқа дейін ауыр, терминалды кезеңдерде балаларды емдету үшін шетелге баруға мәжбүр болды, өйткені елімізде ең күрделі витрэктомия  отасы жасалмайтын.

Бұрын балалар көру қабілетін қайтару үшін осындай күрделі араласулар жасау үшін шетелге жіберілетін. Ендігі жерде, шеберлік сабағының арқасында мұндай көмек Қазақстанда да қолжетімді болып отыр. 

Шеберлік дәрісі аясында Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан 10 отандық дәрігер біліктілігін арттырды.

Операциялардан бөлек, мамандар офтальмологиялық көмек жүйесін дамыту, қазақстандық дәрігерлерді оқыту мәселелерін, сондай-ақ балалар офтальмологиясы мен медициналық туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастық келешегін де талқылады.