12 сәу, 2021 сағат 14:33

Алматыда медициналық ЖОО студенттері вакцина салуға көмектесуде

Алматыдағы медициналық жоғары оқу орындарының студенттері коронавирусқа қарсы вакцинациялауға көмектесіп жатыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева айтты деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақытта вакцинация пункттерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны 1700 адамнан асады. 

«Өткен аптада медициналық ЖОО мен медициналық колледж студенттерін сонымен қатар, интерндер, резиденттер, бакалаврлар мен профессорлық-оқытушылық құрамын дайындадық. 700-ден астам студент вакцинацияға оқытылды. Бүгінде бұл студенттер сауда орталықтарында жұмыс істеп жатыр. Әрине, олар өз бетінше жұмыс жасамайды, тәжірибелі дәрігерлер мен тәжірибелі медбикелердің жетекшілігімен жұмыс істейді. Біздің резиденттерде дәрігер сертификаты бар. Олар дәрігерлер сияқты қабылдап, жұмыс істей алады. Мейірбике ісі бойынша сертификатталған интерндер тікелей вакцинация пунктінде жұмыс істейді және екпе салады», - деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева.

Ал, мейірбикелік сертификаты жоқ қалған интерндер осы пункттерде үйлестіруші және азаматтардың мәліметтерін ақпараттық жүйеге енгізетін тіркеуші ретінде қатысады.