01 шіл, 2024 сағат 15:24

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы көтеріліп, қолма-қол төлем алып тасталмақ

Сурет: Gov.kz

Алматы әкімдігі қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 20 теңгеге көтеріп, қолма-қол төлемді алып тастамақ. Тиісті әкімдік қаулысының жобасы "Ашық заңды және заңды тұлғалар" сайтында орналастырылды. 

Қазір жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем 100 теңге, қолма-қол төлем 200 теңге.

"Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (қалааралық облысішілік) және қала маңындағы бағыттарда жолаушыларды тасымалдау қызметтерінің бағасы 120 теңге мөлшерінде белгіленсін", - делінген құжатта.


Әкімдіктің мәліметінше, жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін жол жүру ақысы төлемнің 50 пайызына тең. Сонымен қатар қоғамдық көліктерде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құзырлы органдар қолма-қол жол жүру ақысын алып тастауды қарастырған.

"Бұл автобус жүргізушісіне көлікті жүргізуге және ақша жинауға алаңдамауға мүмкіндік береді", – деп есептейді әкімдіктегілер.


Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасы 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін, тек былтыр ғана 20 теңгеге көтерілгенін атап өтті. Бұл ретте басқарма биыл қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы орташа есеппен 310 теңге болса, кейбір бағыттар бойынша 400 теңгеге жеткенін баса айтты.

"Осыған байланысты тасымалдаушыларға төленетін субсидия көлемі жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 68,7 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы субсидиялаудың болжамды көлемі 97,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Осылайша қолданыстағы тариф бойынша субсидиялар көлемі үнемі өсіп отырады", – деп хабарлады әкімдіктегілер.


Ведомство жаңа тарифпен 2024 жылы болжанған субсидия көлемі 7 миллиард теңгеден астам қаражатқа қысқаратынын баса айтты.