19 шіл, 2024 сағат 11:25

Алматыда киіз үйде жартылай жалаңаш билегендерге қатысты іс тергеліп жатыр


Киіз үйде жартылай жалаңаш билеген жігіттің даулы видеосына қатысты депутат Самат Мұсабаевтың арызын Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура тексеріп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, қазақша киім киген жартылай жалаңаш қыздар мен жігіттің киіз үйде билеген видеосы әлеуметтік желілерде талқыға түскен болатын. Белгілі болғандай, ролик Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілген.

"2024 жылы 1 шілдеде Қарасай аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", – деп хабарлады Бас прокурор Берік Асылов.


Бұл бап бойынша егер кінә дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бишілердің ниетін бір бейне арқылы анықтау мүмкін емес екенін атап өтті. 

"Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының негізгі белгісі кінәлі адамның қандай да бір алауыздықты қозғауға бағытталған қасақана уәждемесі болып табылады. Тек бір бейне негізінде оның авторларының ниеттерінің шынайы бағытын анықтау мүмкін емес. Сондықтан қылмыстық заңның көрсетілген нормасы бойынша объективті құқықтық баға беру де қиын", — деді Ермек Сағымбаев.


Ведомство басшысы психологиялық-филологиялық сараптама жүргізілетінін атап өтті. 

Депутаттар бұған дейін ұлттық киімдерді қорлағандарды жазалауды сұраған еді.