02 сәу, 2021 сағат 15:18

Алматылықтар қандай сауда орталығында коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алады?

Алматы тұрғындарына коронавирусқа қарсы вакцинаны сауда орталықтарында алуына болады.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі, телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали онлайн брифинг барысында қаладағы қандай сауда үйлерде вакцина салу жұмысы жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қалада 56 екпе егу кабинеті барын мәлімдеді. Оның 16-ы жекеменшік болса, қалғаны мемлекетке тиесілі.

"Қала әкімінің тапсырмасы бойынша біз Алматыға вакцинаның көп мөлшерін бөлу мәселесін пысықтап жатырмыз. Осыған байланысты әкімдік пен басқармада штаб құрылды, Жоспары жасалды. Бүгін ол қала әкімімен келісіледі.

Біз үлкен бизнес-қауымдастықты тартуды жоспарлап отырмыз. Ірі сауда үйлеріндегі, базарлардағы, мектептердегі вакцинация пункттері (ашу-ред.) жайлы мәселелер пысықталуда. Қазірдің өзінде қаланың сегіз ауданында пункттерді анықтап қойдық. Қалада дүрлігу болмауы керек деп ойлаймын. Қазір вакцинацияны жүргізетін дәрігерлер жасақталып жатыр", - дейді Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, телемедицина орталығының жетекшісі Лаура Мырзағали.

Ол вакцина салдыру таңғы 8-ден басталатынын, алдын-ала антидененің бар-жоғын анықтаудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Сонымен бірге, вакцина салдыруға болатын сауда сауда үйлері мен орталықтары аталды.

«Қазір біз Алатау ауданындағы «Бақ орда» сауда үйі, Әуезов ауданында «Спутник», «Гранд парк», «Мәскеу», «Алматы молл», «Азия парк» сауда үйлері, Бостандық ауданында «Мега Алматы» орталығы, «АДК» сауда үйі, «Есентай молл», «Форум», «Алматы», «Атакент молл» сауда үйлерінде, Жетісу ауданында «Максима», «Адэм», «Мерей» сауда үйлері. Ал Медеу ауданында «Достық плаза», «ГУМ» сауда үйлері. Түрксіб ауданында «Мак» және тағы басқа сауда нүктелерін қарастырып жатырмыз», - деді ол.

Қалада жалпы 31 сауда үйінде екпе салу жұмысы жүргізілмек. 

«Сәуірде коронавирусқа қарсы жаппай екпе салу басталды. Алдағы уақытта қалаға үлкен мөлшерде вакцина дозасы жеткізіледі. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Алматы емханалары екпе салу бойынша база жасап жатыр, яғни созылмалы дерт есебінде тұрған адамдардың тізімін және кімнің екпеге қарсы белгілері барын анықтауда», - деді Лаура Мырзағали.