16 ақп, 2021 сағат 13:58

Алматыда экологиялық көрсеткіштердің онлайн картасы жасалды

Экологиялық көрсеткіштердің онлайн картасы мегополис тұрғындарына қоршаған ортаның жағдайы мен атмосфералық ауаның сапасы туралы кең мағлұмат береді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жоба Алматы экологиялық жағдайы жөніндегі барлық мәліметтерді біріктіретін динамикалық платформа. Мониторингтік стансалар әрбір 20 минут сайын онлайн режимінде ауаның жағдайын ақпаратты жүйеге беріп отырады. Мұндағы көрсеткіштер сандық деректер түрінде беріледі. Шекті рұқсат етілген концентрация индикаторларының динамикасы да көрсетіледі. 

Стансалар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. 

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған жобаның мақсаты – қарапайым азаматтарға, сарапшылар мен мамандарға онлайн форматта ақпарат ұсыну.Сонымен қатар, жинақталған көрсеткіштер бойынша ауа сапасының және басқа параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.

Еске салайық, қалада ауа сапасына мониторинг жүргізетін 10 станция бар. LED-экрандарға ақпараттарды шығару және мәліметтер базасына көрсеткіштерді беру үшін онлайн мониторингтің тағы 10 датчигі іске қосылып, жұмыс барынша сапалы жүргізілетін болады.