17 ақп, 2021 сағат 15:20

Алматыда ЭКО үшін 800 квота бөлінді

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша Алматыға 800 квота бөлінді. Бұл туралы тұрғындармен өткізген есептік кездесуінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға квота саны 7 есеге ұлғайтылды.

«Алматыға 800 квота бөлінді. Оған қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауапты. Келесі жылы министрлік тарапынан 300-350 квота бөлу жоспарланып отыр. Оған қаражат республикалық бюджеттен қарастырылған», - деді қала әкімі.

Айта кетейік, былтыр қалада ЭКО-ға 130 квота бөлінген болатын. Әйелді ЭКО-ға жіберу туралы шешім қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылған комиссия отырысында қабылданады. Бүгінгі күні кезекте 700-ден астам әйел тұр.