16 ақп, 2021 сағат 10:21

Алматыда 41 жаңа экологиялық автобус жолға шықты

Газбен жүретін жаңа автобустар мегаполистің қоғамдық көлік паркін толықтырды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында коммуналдық және қоғамдық көліктерді жүйелі жаңарту және экологиялық таза отынға көшіру қаланың экологиясын жақсарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылатынын айтты.

«Жолаушы тасымалы саласы айтарлықтай жаңғыртылды. Бүгін экологиялық таза отынмен жүретін 41 жаңа автобус жолға шықты. №45, 70 сияқты бағыттарда қатынайтын автобус паркін жаңартамыз», - деп жазды Б.Сағынтаев.

Сыйымдылығы 90 адамға арналған үш есікті 12 метрлік жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жылжымалы платформа бар.

Автобустар бейнебақылау, жолаушы ағынын есептейтін автоматты жүйе және жүргізушінің жағдайын бақылайтын датчикпен жабдықталған.

«Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркі барлығы 150 автобусты жеткізуге келісімшарт жасады. Қалған 109-ы жақын арада жеткізіледі. Сондай-ақ жеке тасымалдаушылар 83 автобус,соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарда. Осылайша, биыл жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады.

Жалпы қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Онда 147 бағыт бойынша қатынайтын 1940 бірлік автобус бар. Оның 393-і газбен, 14 тоқпен, 1000-астамы дизель отынымен жүреді. Сондай-ақ,160 троллейбус қатынайды.