Алматыда коронавирустың үнді штамы анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кеше 22 маусым күні кешке «дельта» штамының болу мүмкіндігі анықталды. Біз оны бүгін тағы бір рет растадық. Мутацияланған дельта штамының шынымен де айналымда бар екені белгілі болды», - деді ол.
Сонымен қатар, ол аталған штамды кім жұқтырғанын атап өтті.
«Ол - 1984 жылы туған К. есімді азаматша. Үй шаруасындағы әйел, еш жерде жұмыс істемейді. Күйеуі ары-бері көп жүретін мамандық иесі, қазір шетелде іссапарда жүр. Айта кету керек, оның жолдасы ақпан айында коронавируспен ауырған. Ал науқастың өзі қазір ауруханада жатыр. Онымен байланыс жасаған жеті адам оқшауланды. Эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Әзірге әйелдің бұл штамды нақты қай жерде жұқтырғаны белгісіз. Ол кісі бірнеше нысанда болған. Ол жерлер бақылауға алынды», - деді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, нәтижесі оң шыққан ПТР-тестерді тексеріп шыққан кезде 89 пайызынан вирус мутациясы анықталған.
«12-19 маусым аралығында мутацияланған штамдардың айналымын анықтау үшін ПТР-диагностика жүргіздік. 53 зерттеудің 44-інен - британдық штамм, екеуінен – оңтүстікафрикалық, біреуінен нью-йорктік штамм анықталды. Қалған 11 пайызында вирус мутациясы анықталмады», - деді Бекшин.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың "үндістандық штамына ұқсайтын" мутация анықталды, зерттеу жүргізіліп жатыр деп мәлімдеген. Соған байланысты елде карантин күшеюі мүмкін екені де ескертілген.
22 маусымда Нұр-Сұлтан әкімдігі астанада қосымша тексеру нәтижелері "үндістандық штамм" барын көрсетті деп мәлімдеген. Сейсенбі күні қалада карантинді күшейту туралы шешім қабылданды. Ведомствоаралық комиссияның отырысы да өтіп, елде қызмет көрсету саласында істейтін компаниялар мен ірі мекеме қызметкерлеріне вакцина міндетті болатыны белгілі болды.
Коронавирустың үндістандық штамы - SARS-CoV-2 вирусының төртінші нұсқасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ғаламдық деңгейде алаңдаушылық тудыратын штамдар тізіміне енгізген. Бұл тізімге вирустың тез жұғатын, ауруды асқындырып жіберетін және вакцина мен дәрі-дәрмекке бой бермейтін түрлері енген. Үндістандық штамм 70-тен астам елде анықталған. Бұған дейін аталған штамның Қазақстан көршісі Ресейде де анықталғаны хабарланған еді.
