24 ақп, 2021 сағат 11:44

Алматыда 35 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

Алматыда бір жыл ішінде 35 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова айтты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Оның айтуынша, мегаполисте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды.

«Бұл бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Атап айтар болсам. Еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Оған 2020 жылы 1 005 адам жіберілді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту,кредиттер мен гранттар беру бойынша өткен жылы 1 705 мемлекеттік грант және 154 микрокредит берілді»,- дейді Диляра Иманқұлова.

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты мынадай міндеттерді іске асыруды көздейді:

1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;

 2) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру;

3) жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңды дамыту.

«Бағдарламалар халықты жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығымен 2020 жылы 34 855 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 10 958 адам жұмысқа орналастырылды», - деді ол.