19 нау, 2021 сағат 16:08

Алматыда 21 мыңға жуық үй сумен жабдықтау жүйесіне қосылады

Алматыда биыл 21 мыңға жуық үй сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосылады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Берік Жамбылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында 2020 жылы 33 жоба бойынша 312 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды. 

«Құрылыстың аяқталуы Алматы қаласына қосылған елді мекендердегі 23 мыңға жуық тұрғын үйді оның ішінде «Думан», «Самғау» және «Ақбұлақ» кенттерін қамтуға мүмкіндік берді», - дейді Берік Жамбылов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қала тұрғындарының 98,3 %-ы орталықтандырылған сумен қамтылған, су бұру желілеріне 85,7%-ы қол жеткізді. 2019 жылмен салыстырғанда сумен қамтудың оң динамикасы 0,6%-ға өсті. 2020 жылы 17 ықшамауданда басталған барлық жұмыстарды биыл аяқтау жоспарлануда. 

«2021 жылы «Құрамыс», «Жайлау», «Таужолы», «Колхозшы», «Әлмерек», «Кемел», «Алғабас», «Боралдай», «Шұғыла», «Ақжар», «Қайрат», «Самғау», «Қарасу», «Шапағат», «Теректі», «Шаңырақ-1», «Көкшоқы» ықшамауданында 150 шақырым сумен жабдықтау және 130 шақырым судан бұру желілерін салу жоспарлануда. Осылайша, орталықтандырылған су жүйесіне 20 900 үй қосылады», - деп атап өтті спикер.