03 нау, 2021 сағат 09:45

Алматыда 1-5 сыныптың 20 мыңнан астам оқушысы дәстүрлі форматта оқиды

Алматы қаласы білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг барысында 2020-2021 оқу жылында 1-5 сынып аралығындағы оқушыларды оқыту форматы туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 2 наурыздағы №6 қаулысына сәйкес 1-5 сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша мектепке барып оқитын болды. Сыныптағы балалар саны 25 адамнан аспау керек және санитарлық-эпидемиялық режим қатаң сақталуы қажет. Ал, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар аралас оқыту форматына көшірілді.

«Қазір мектептерде аралас оқытуға 1-4 сыныптардан - 19 050 оқушы, 5 сыныптың – 1593 оқушысы көшті. Білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген,- деді Қайрат Жұманов. 

Алматыда 287 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 278 мектеп бар. Оның 207-сі мемлекеттік мектеп болса, 71-і жеке меншік. 

Айта кетсек, 2020-2021 жылғы оқу жылы басталғалы оқушылардың басым көпшілігі пандемияға байланысты қашықтан оқыту форматында білім алған еді. Тек, ата-ананың өтініші бойынша бастауыш сыныптарда кезекші топтар ашылған. Оқу жылының екінші тоқсаны аяқталғанда 9, 11 және 12 сынып оқушыларына мектепке барып оқуға рұқсат берілді.

«Айта кетейік, мектептердің қызметі санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Қаланың барлық мектептері санитарлық қауіпсіздік дезинфекциялық құралдарымен (тоннелдер, санитайзерлер, тепловизорлар, аяқ киімге арналған кілемшелермен 100% қамтамасыз етілген», - дейді спикер.