Фото: ашық дереккөз
Алматы облысының Райымбек ауданында жесір әйел өзінің марқұм күйеуінен қалған 126,3 гектар жердің бір бөлігін қайтаруға қол жеткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
1995 жылы аудан әкімшілігі тұрғынға бұл жер телімін өмір бойына мұрагерлікке берген. Алайда, 2011 жылы жер иесі қайтыс болғаннан кейін, оның жесірі мұрагерлік құқығын жүзеге асыра алмаған. Себебі Жер қатынастары бөлімі бұл жердің 54,7 гектарын басқа ЖШС-ға жалға берген.
Жесір әйел өз құқығын қорғау үшін ЖШС-ға, жер қатынастары бөліміне және әкімдікке талап арызбен жүгінді. Сот талқылауы барысында жер телімдерінің қабаттасқаны анықталып, электронды кадастрлық карта арқылы расталды.
Райымбек аудандық соты талапты қанағаттандырып, әйелдің жер телімін қайтару құқығын мойындады. Дегенмен, мүдделі тараптардың бірі – АҚ ұйымы бұл шешімге апелляциялық шағым түсірді, даулы жердің кепілде тұрғанын алға тартты.
Алматы облыстық соты істі қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл шешім жалға беру шарттарын жасасу кезінде құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексерудің маңыздылығын көрсетті.