28 қаз, 2021 сағат 13:38

Алматы облысында ұлтаралық қақтығыс болған жоқ – ҚХА


Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облысындағы жаппай төбелеске байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Ассамблеяның ресми өкілі Майя Бекбаева арнайы мәлімдеме таратты. 

«Құрметті қазақстандықтар! Кеше күндізгі уақытта Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылының жергілікті мектебінде екі жоғары сынып түлектерінің арасында келіспеушілік туындап, оқушылар арасында төбелеске ұласты. 

Өкінішке қарай, төбелес барысында оқушылардың бірі зардап шекті, оған қажетті көмек көрсетілді. Ол қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

Кешке ауылда жергілікті тұрғындар жиналып, мектеп аумағында болған жаппай төбелес салдарынан аталмыш жағдайдың орын алуына байланысты наразылық білдірді. 

Сонымен қатар кейбір жасөспірімдер мен жастар эмоцияның және арандатушылардың әсерінен бірнеше жеке үй мен көліктердің әйнегін сындырған.

Ауыл тұрғындары арасында, этносаралық негізде қандай да бір жанжалдың, әсіресе қақтығыстардың жоқ екендігін және оған жол берілмейтіндігін ерекше атап өткім келеді.

Жергілікті тұрғындар - қазақтар да, ұйғырлар да көп жылдар бойы бірге тұрып келеді, бір бірінің достары мен көршілері. Оның барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды.

Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының Қоғамдық орынбасары Зәкіржан Күзиев, ҚХА хатшылығы және облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы М.Батырбеков және «Қоғамдық келісім» КММ директоры қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. 

Олармен бірге ақсақалдар, жигит-беши, азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Пенжім ауылындағы жағдай тұрақты» - деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, өткен тәулікте Панфилов ауданындағы Пенжімде оқушалар арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми ақпаратына сәйкес, аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды