11 ақп, 2021 сағат 14:50

Алматы облысында полиция мұнарадан секірмек болған жасөспірімді құтқарып қалды

Кәмелетке толмаған жасөспірім 5 ақпаннан 6-сына қараған түні теміржол депосында орналасқан 50 метр мұнарадан секіруге тырысқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облысы Қаратал аудандық полиция бөлімінің «Бүркіт-287» патрульдік экипажы Үштөбе қаласының тұрғыны, 17 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.

«Полиция лейтенанты - Нұрман Омаров пен Мақсұт Мұхамадиев алдымен жасөспірімді сөзге тартқан. Ол байланыспай келмей қарсылық көрсеткен. Нұрман Омаров жақын тұрған мұнараға көтеріліп, көпір бойымен жүріп өтіп, оған жақындаған», - деді Қаратал аудандық ПБ бастығы Рауан Әбдірайымов.

20 минутқа созылған келіссөзден кейін жас жігіт құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.

«Бүгінде жасөспірімнің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Онымен ювеналды полиция қызметкерлері мен психологтар кездесіп, профилактикалық әңгіме жүргізді. Оның ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК - нің 127-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен екі хаттама толтырылды, яғни кәмелетке толмаған баланың түнде көшеде жүргені және ата-ана құқығын тиісінше орындалмауы бойынша», - деді Рауан Әбдірайымов.