Фото: Instagram.com
Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Алматы облысы И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатындағы балалардың өмір сүру жағдайын зерттеп, 6 жастан асқан 170 бала интернатта ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Айтуынша, интернатта жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген мердігер жұмысын аяқтамай кеткен.
"Үш жыл бұрын мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары басталғанымен, мердігер оны аяқтамай кеткен. Соның салдарынан балалар жартылай қираған ғимаратта тұруға мәжбүр. Оқу корпусында түнеп, спортзалда тамақтанады, санитарлық-гигиеналық нормалар да бұзылып отыр", - деп жазды Д. Зәкиева Instagram-дағы парақшасында.
Бұл мәселені және облыстағы балалар қауіпсіздігіне қатысты тағы екі маңызды мәселе Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесу барысында талқыланған. Әкімдік жөндеу жұмыстарын аяқтау немесе жаңа интернат салу мәселесін қарастырған. Алайда балалардың қазіргі қиын жағдайында қалмауы үшін оларды жақында жөндеуден өткен және бос орындары бар басқа интернатқа көшіру туралы шешім қабылданды.
"Сондай-ақ кездесуде Психологиялық қолдау орталығының жұмысы мен қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру мәселесі көтерілді. Қабылданған заңға сәйкес, 5000 балаға 1 қызметкерден келуі керек. Осылайша, облыста 109 қызметкер болуы тиіс, әр ауданда шамамен 10 маманнан. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі, балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын сапалы жүргізу үшін өте маңызды", - дейді Динара Зәкиева.
Бұдан бөлек ол өңірлік уәкіл Айгүл Есімбековамен және Психологиялық қолдау орталығының ұжымымен кездесті. Қазіргі кезде орталықтың кураторлары мектептерді аралап, суицидтің алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама енгізу жұмысын атқарып жатыр.
"Айта кету керек, сәуір айында Алматы облысының аудандарында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктеріндегі әріптестермен бірге 7-10 күндік жұмыс жоспарлап отырмыз", - деп түсіндерді Д. Зәкиева.