10 сәу, 2021 сағат 15:53

Алматы облысында ана мен сәби көз жұмды

Алматы облысының Панфилов аудандық перзентханасында ана мен бала көз жұмды. 24 жастағы Жанар Баратова үшінші баласын босануы тиіс болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір апта бұрын сәбиді жерлеген отбасы, енді Жанарды жер қойнына тапсырды. Олардың сөзінше, 12 күн бұрын Жанардың іші өтіп, инфекциялық ауруханаға түскен. Ай күні толған әйелге бір күнде 9 система салынғаны айтылуда. 

«Инфекциялық ауруханаға жатқызды, сол күні 9 система салды. 9 системаны әйелім көтере алмай, ауырып, перзентханаға түседі. Ол кезде ай күні толып тұрған кез. Перзентханаға түскі бір мен үштің арасында түскен. Түнгі сағат он екіге дейін оған ешбір дәрігер көз қырын салмаған. Түнгі он екіден отыз минут кеткенде әйелімнің жатырынан суы кетіп, баланың жүрегі тоқтаған», – деді марқұмның жолдасы Бейімбет Мұрат.

Сәби дүниеге өлі келген. 

Ж.Баратованың жолдасының сөзінше, қан тоқтамағаннан дәрігерлер ешбір туысының рұқсатынсыз жатырын алып тастаған. Бірақ, қан кету сонда да тыйылмаған. Бейімбет Мұрат ешбір сақтау талабын білмесе де, Алматыдағы қан орталығынан қан тасығанын жеткізді. 

Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің асқазанындағы жара жарылып, қан кеткен. Алайда, паталогоанатомдардың сараптама нәтижесі оны жоққа шығарған. 

«Сараптама қорытындысы бойынша, асқазанында жара жоқ», - дейді марқұмның жолдасы. 

Ал дәрігер Жанардың өліміне қан кету себеп болғанын айтуда. 

«Босанғаннан кейін қан кету басталды. Асқазанынан, ішінен кетті. Қан кету коронавирусқа да байланысты болуы мүмкін», - дейді «Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы» КМК директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Гауһар Байдаханова. 

Қара жамылған жанұя егер келіншек коронавирустан қайтыс болса, ол неліктен санитарлық талап бойынша жерленбегенін түсінбей дал.

Ақ халатты маман бұл жайт бойынша пікір білдіре алмайтынын жеткізді.