17 ақп, 2021 сағат 11:32

Алматы әкімі жұмыртқа бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға есеп беру кездесуінде қалада азық-түлік бағасының өсу мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тікелей эфир барысында алматылықтар әкімнен азық-түлік бағасын тұрақтандыруды сұрап, әсіресе жұмыртқа бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды. 

«Қазір жұмыртқа бағасы Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша өскен. Бұны сала мамандары маусымдық өсім деп отыр. Бүгінгі жаңалықтарда Ресейде де осындай мәселе болып жатқаны айтылды. Бұл жағдай алдағы уақытта тұрақталады деп ойлаймын», - деді әкім.

Сонымен қатар ол қаладағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. 

«Былтыр бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаражат бөліп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорын жасадық. Ол кезде 18 тізім бойынша бағаны ұстап қалдық. Бұл - баға өсімі бойынша елдегі ең төменгі көрсеткіш болды. Мұны қолға алмасақ, баға одан ары шарықтап кетер еді»,-дейді Бақытжан Сағынтаев.