
Ақтөбедегі Шалқар көлінің табанын тазарту жұмысы биыл басталады. Жобаға алдымен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шалқар ауданының тұрғындары Шалқар көлінің түбін тазартуға қатысты сұрақты бірнеше рет көтеріп, бұрынғы қалпына келтіріп беруді сұраған. Біз бұл жұмысқа мамандар мен сарапшыларды тарттық. Былтыр жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталған болатын. Үкімет аталмыш жобаны қолдады, биыл біз соны жүзеге асыратын боламыз. Ауқымды жоба екі жылға арналған. Оның өңір үшін рекреациалық және шаруашылық тұрғыда маңызы зор. Осы жобадан үлкен экологиялық пайда табамыз деп күтіп отырмыз», - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиында.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров Шалқар көлінің түбін тазарту жобасын таныстырды. Оның айтуынша, көл суының тартылып, батпаққа айналу мәселесі өткен ғасырдың соңында басталды.
«Көл ағын судың жетіспеуінен, су бетінде және су түбінде өсімдіктің өсіп кетуі салдарынан деградацияға ұшырап, су сапасы нашарлады. «Шалқар көлінің түбін тазарту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамадан оң нәтиже алынды. Жобаның жалпы сомасы - 3 млрд теңге. Осы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 432,95 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, салалық министрлікке қосымша қаржы бөлу үшін сұраныс жіберілді», - деді Нағымжан Алдияров.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин мемлекеттік органдар мен мердігер мекеменің басшыларына өңір үшін маңызды жобаның сапалы жүзеге асырылуы үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.
Еске слаа кетсек, таяуда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табаны тазаланатынын мәлімдеген еді.
