
Ақтөбеде сәби сүюді армандап, 20 жасында жеке клиникада көз жұмған Гүлдана Нұрмағанбетованың ісіне қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетер ақталып шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айдос пен Гүлдана Нұрмағамбетовтер балалы болуды армандап, келіншек 8 ай бойы гинекологиялық ауруларға байланысты жеке клиникада ем қабылдаған. Соңғы емі кезінде дәріні қатты ауырсынып, операция үстелінде көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, Г.Нұрмағанбетова анафилактикалық шок алған. №2 Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігімен, яғни, медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы бабымен іс қаралды. Бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«Сот үкімімен Ли-Ко-Шин-Фетер кінәсіз деп танылып, сот залынан ақталып шықты. Іс бойынша қылмыс құрамы анықталмады. Сотталушы қылмыстық жауапқа тартылғаны үшін заң аясында шығынды өтей алады. Сот үкімі күшіне енген жоқ» деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Іс материалына сүйенсек, көз жұмған Гүлдана Нұрмағамбетованың метронидазол препаратына аллергиясы болмағаны, операцияға дейінгі бір апталық уақыт ішінде құрамында метронидазолы бар аса ауыр дәрі қабылдағаны белгілі болды. Яғни, метронидазолға аллергиясы бар екені толық дәлелденбеді. Ли-Ко-Шин-Фетердің барлық емді хаттамаға сүйеніп жүргізгені анықталды.
