05 сәу, 2021 сағат 11:40

Ақтөбеде 10 сәуірден кейін жаппай вакциналау басталмақ

Ақтөбеде созылмалы ауруға шалдығып, есепте тұрған науқастарға вакцина егілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте 61 адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласының тұрғыны. Сонымен бірге Қобда, Мәртөк, Темір аудандарында да вирус жұқтырған науқастар дәрігер көмегіне жүгінді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев иммундау жұмысына тоқталды. 

«Облысқа 6300 доза вакцина жеткізілді. Қазір қаладағы емханаларға 300 доза вакцинадан берілді. Сонымен бірге аудандарға да жіберілді. Жасы 18-ден асқан кез келген тұрғын учаскелік дәрігеріне хабарласып, вакцина қабылдай алады. 80 жастағы адамның да қабылдауына болады. Дәл қазіргі кезде созылмалы ауруға шалдығып, есепте тұрғандарға басымдық берілген. Жаппай иммундау кезінде алматылық әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйеніп, ірі сауда орындарында да вакцина беруіміз мүмкін. Ол жерлерге жылжымалы медициналық кешендер қойылады. Өткен жылы 6 кешен сатып алынды», - деді Рүстем Исаев. 

Шамамен 10 сәуірден кейін ғана жаппай егу жұмысы басталуы мүмкін. Өңір ірі көлемде вакцинаның жеткізілуін күтіп отыр.