
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Қарағандысай қыстағында малдан қарасан анықталып, карантин жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақпан айында Байғанин аудандық ветеринария станциясына «Мерей К» ЖШС-нің ветеринар дәрігері Әкімжан Ташмағамбет хабарласып, ірі қараның өлгенін айтты.
«Барлығы 4 өлексе анықталды. Патологиялық материал алынып, ветеринариялық зертханаға жіберілді. Облыстық зертхана 2-наурыз күні қарасан ауруы анықталғанын хабарлады. Эпизоотиялық тексеруден соң құжат Байғанин аудандық аумақтық инспекциясына жолданды. Ал 4-наурыз күні шектеу шарасын бекіту үшін Қарауылкелді ауылдық округінің әкіміне ұсыныс жіберілді», - деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Күлсара Жақыпова.
Айта кетейік, шаруашылықта қазір 120 мүйізді ірі қара мен 90 жылқы бар.
«Мүйізді ірі қара малдарының арасынан қарасан ауруы анықталуына байланысты Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округінің Қарағандысай қыстағы аумағында карантин белгіленсін» деп жазылған аудандық әкімдік қаулысында.
