
Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде жолда қалған 56 адам жылыту пункттеріне эвакуацияланды, оның алтауы бала, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, эвакуациялау шаралары жергілікті атқарушы органдар, медицина және полиция қызметкерлерімен бірлесіп өткізілді.
«Құтқарушылар азаматтарды өңірдің блок-бекеттерінен жылыту пункттеріне эвакуациялады. Мәселен, тек Сандықтау ауданында 30 адам эвакуацияланды. Олардың барлығы ауданның жылыту пунктіне жеткізілді. Тағы 11 адам, оның ішінде 3 бала Ерейментау ауданының пунктіне орналастырылды. Жақсы ауданында құтқарушылар дәрігерлермен бірге жүкті әйелді аудандық ауруханаға жеткізді. Сол күні Запорожье ауылында жедел соқырішек диагнозы қойылған бес жасар баланы құтқарушылар ауруханаға жеткізді. Қалың қар салдарынан жедел жәрдем көлігі пациенттерге жете алмады. Қазір әйел мен бала ауруханада жатыр, жағдайы қанағаттанарлық», - деді Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
Айта кетейік, биылғы жылға наурыздың 11-де ауа температурасының төмендеуі, боран, көктайғақтың салдарынан Ақмола облысы аумағында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың учаскелері жабылды.


