02 сәу, 2025 сағат 18:48

Абайлаңыз, жалған ақпарат! «Қазатомөнеркәсіп» қазақстандықтарды алаяқтықтан сақ болуға шақырды

Фото: Kazatomprom

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы интернеттегі алаяқтық әрекеттердің көбейгенін хабарлады. Алаяқтар әлеуметтік желілерде компания басшылығының атынан сөйлеп, қаржылық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін платформалар туралы бейнехабарламалар таратуда. Олар азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға уәде беретін жалған платформа іске қосылды деп мәлімдейді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов бұл жаңалықтардың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.

"Осындай әрекеттердің салдарынан түрлі әлеуметтік желілерде шындыққа сай келмейтін мәліметтер таратылады. Мұндай ақпараттар компания басшылығының атынан берілетін жалған бейне хабарламалардан және қаржылық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін платформаның іске қосылғаны туралы қызметкерлердің жалған пікірлерінен құралған. Хабарламалар шындыққа жанаспайды және тек алаяқтық мақсатта жасалған. Біз сіздерді мүмкіндігінше сергек болуға шақырамыз. Қысқа мерзімде жеңіл жолмен жоғары табыс табасыз деген уәделерге, тексерілмеген ақпарат көздеріне сенбеңіздер және күдікті сілтемелерді ашпаңыздар", - деп ескертті ол.


Компания барлық ресми ақпарат тек ресми сайтта және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда жарияланатынын ескертті.

«Қазатомөнеркәсіп» азаматтарды ақпаратты тексеруге және сенімді дереккөздерге ғана жүгінуге шақырады. Бұл алаяқтардың қаржылық шығынға ұшыратуынан сақтанудың бірден-бір жолы.