09 қаң, 2020 сағат 07:25

Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек - Тоқаев

«Қалалар тез өсіп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады. Ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді. Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді?

Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн» делінген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.

Мемлекет басшысының жазуынша, «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты.

Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады.

Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.

«Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған»,-делінген Мемлекет басшысының мақаласында.

Сондай-ақ Президент онда Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керектігін айтады.

«Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін»,-деген ойын білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында.