Фото: pexels.com
Абай облысындағы Орлов шахтасында жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы KAZ Minerals Тобының Telegram-дағы арнасындағы мәліметі бойынша, оқиға 2024 жылғы 19 қыркүйекте болған.
"Шамамен сағат 14.20-да Орлов шахтасында кәсіпорынның екі қызметкері жарақат алды. Алдын ала анықталған себебі – тау-кен массасының опырылуы. Алған жарақаттардың салдарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды. Екінші қызметкер медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтты", - делінген хабарда.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайды тергеу бойынша арнайы комиссия құрылған.
KAZ Minerals Тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук жазатайым оқиғаны тергеуге қатысу үшін өңірге барды.
"KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Компания қаза болған қызметкердің отбасына жан-жақты көмек көрсетеді", - делінген хабарламада.