Фото: 24kz
Батыс Қазақстан облысының 93 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті, деп хабарлайды Ult.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Жаңғала ауданында түлектер кездесуінде болды. 40 жылдан кейін ұшқан ұяларына оралған түлектер қайтадан партаға отырған. Ал қарт ұстаз Набия Тілепбергенова оларға математика сабағын өткізіп, тақтаға формула мен есеп жазып, жиналғандардың оқушы кезеңін естеріне түсірді.
Бұл қазақстандықтарды тәнті еткен видео өткен жылдың мамыр айында түсірілген. Жақында оны Набия Тлепбергенованың бір шәкірті әлеуметтік желіде жариялапты. Қарт ұстаздың есімі Жаңғала ауданының тұрғындарына жақсы таныс. Математика пәнін оқытуға жарты ғасырға жуық уақытын арнаған Нәбия апай қазір құрметті еңбек демалысында болса да, әлі күнге дейін немерелеріне білім беріп келеді. Үлкендерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, олардың барлығы грантқа оқуға түскен. Қазір Набия апай 7-сыныпта оқитын немересі Нұрасылды облыстық математика олимпиадасына дайындауда. Әжесінің арқасында ол алгебра мен геометриядан жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін айтады.
Нұрасыл Төлеуғали, Н.Тлепбергенованың немересі:
- Мен мектептен келгенде әжеге мектепте түсінбеген есептерді айтамын. Сосын әжем түсіндіріп, жәйлеп айтады және маған көптеген мысалдар, есептер береді.
Математикаға бар ғұмырын арнаған Набия апайдың басты қасиеті: шәкірттерін өз пәніне оңай баурап алуында. Сәби санаға дер кезінде бағыт-бағдар беру әрбір ұстаздың міндеті. Менің түлектерімің басым көпшілігі инженер, қаржыгер немесе есепші болып шықса, ол еңбегімнің жемісі,-дейді қарт ұстаз.
Нәбия Тілепбергенова, Орал қаласының тұрғыны:
«Негізі баланың сабақты меңгеруі ұзақ уақыт есіне сақтауы ол оқытушыынң сабақ беру шеберлгіне, әдіс-тәсіліне өз-өзі баланың алдына ұстауына, баланы, классты меңгеруіне байланысты. Мен әуелден баланың алдына келгеннен кейін балаларға ескерттім: айналайындар, ең әуелі тып-тыныш отырып сабағымызды түсініп алайық Сонан кейін қалған 1-2 минутымызға көңілді әңгімелер айтып, қызықты есептер шығарып күліп ойнармыз.
Нәбия апайдың отбасында өскен тоғыз баланың ішінен ұстаз жолын кенже қызы Ақтоты жалғастырыпты. Ол анасының әлі күнге белсенділігі мен кәсібіне деген адалдығын мақтаныш етеді. 93 жастағы кейуана жадын жаттықтыру үшін әрдайым газет-журналдар мен кітаптар оқиды екен. Ақтоты әлеуметтік желіде анасын құттықтап, жылы лебіздерін қалдырған қазақстандықтарға алғысын білдірді.Тек мыңдаған шәкірттің санасына білім нәрін сепкен ардагер маманның осы уақытқа дейін елеусіз болғаны өкінішті,-дейді ол.
Ақтоты Тлепбергенова, Н.Тлепбергенованың қызы:
- Көзі тірісінде, еңбегі еленгеніне қуанамыз. Бірақ та бір өкініштісі әлеуметтік желі арқылы танылып жатырғаны. Осыншама өз ғұмырының жарты ғасырын бала тәрбиесі мен біліміне арнағанда шәкірттерінің осы әлеуметтік желіге салғаннан кейін ғана танылғаны енді көңілді қынжылтады. Осы уақытқа дейін анамыздың білім бөлімінен бір де бір марапаты жоқ екен.
Нәбия апаның сергек әрі ұзақ өмір сүруінің құпиясы – салауатты өмір салты. Ол күн сайын серуенге шығып, ерте жатып, қалыпты тамақтануға тырысады. Ал оның түлектері ұстазымен байланысын үзбей, қонаққа келіп, қоңырау шалып, әрдайым құттықтап тұрады.