Фото: stockphoto.com
Бүгін халықаралық волонтерлер күні. Айтулы дата күнтізбеде 1985 жылы БҰҰ-ның бастамасымен пайда болған. Күллі әлемге ізгілік нұрын шашқан осы бір еріктілер қозғалысы біздің елде де белсенді дамып келеді, деп хабарлайды Ult.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда өңір-өңірде 240 мыңнан астам волонтер қайырымдылық қызметін атқарып жүр. Десе де волонтерлік ұғымын жұрттан жылу жинап, өзгенің жағдайына алаңдау деп түсінбеу керек. Тіпті мемлекеттік маңызы бар істерге ерікті ретінде пайдаңды тигізуге болады.
Дархан Құлжамбековтың негізі мамандығы – заңгер. Алайда былтыр волонтерлік қызметке алынып, елдегі жемқорлықпен күресіп жүр. Мемлекеттік сатып алудың әділ өтуінен бастап, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың құрылысын қадағалайды. Нәтижесінде жыл басынан бері Дархан секілді волонтерлер 14 млрд теңге мемлекет қаржысын ысырап болудан сақтап қалды.
Дархан Құлжамбеков, волонтер: - Яғни бұл жерде мемлекеттік органдар тауапр сатып алуда көп жағдайда негізсіз бағаны көтеру деректері бар. Былай қарағанда мемлекет тарапынан қаншама қыруар қаржы бөлініп жатқаннан кейін азамат ретінде, елімнің жанашыры ретінде мен ерікті түрде осы жобаға кірістім.
Берік азаматтық ұстаным мен елге деген жанашырлығын волонтерлік іспен көрсеткісі келген азаматтар арамызда аз емес. Олар жемқорлық секілді қоғамды жегі құрттай жеген дертпен бірлесе күресуге білек сыбана кіріскен. Бір ғана елорданың өзінде дәл осындай 60-тан астам елгезек азамат тұрады. Олар ел үшін маңызды әлеуметтік жобаларға қоғамдық бақылау жасап, 750-ден аса олқылықты анықтаған. Құзырлы орган белсенді азаматтардың арқасында 500-ден аса заң бұзушылықты дер кезінде жойдық деп отыр.
Жазира Жылқышиева, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қмиыл агенттігі Превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері: - 2 мың 400-ден астам волонтер бар, барлығының базасы бар. Былтыр тамыз айынан бастап жылдың аяғына дейін 4-5 айда үйреттік, порталды қалай мониторинг жасау керектігін. өйткені барлығы маман емес, көп жағдайда естіген білгенін айтады, ал нақты олар мониторинг жасау үшін оларды үйрету керек болды. Бір жағынан волонтерлердің өзіне де пайдасы тиеді. Біріншіден өздерінің құқықтық сауатын арттырып жатыр. Жас мамандар болса, келешегіне жақсы ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.
Жең ұшынан жалғасқан кеселге жұмыла күш біріктіріп қана қарсы тұруға болады. Сондықтан бұл іске өз еркімен сұранып жәрдем жасайтын волонтерлердің еңбегі ерек. Кәмелет жасынан асқан, бұрын сотталмаған кез келген ел тұрғыны агенттік мамандарына қолғабыс таныта алады. Бұған заң жүзінде рұқсат бар.