16 сәу, 2021 сағат 17:23

300 мың адам вакцина қабылдаса, елордада індеттің өсуі тоқтайды –денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Қазір елордада 100-ден астам егу пункті жұмыс істейді, вакцинация таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін жүргізіледі. Бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаны 49 мың қала тұрғыны алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Қала әкімдігінде өткен кеңес барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов тұрғындарды жаппай вакцинациялау қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда қалада 100-ден астам пунктте вакцинация жүргізілуде. Біз күніне 5 мыңнан астам адамды вакцинациялаймыз. Қазір бізде 49 мың адам бірінші компонентпен вакцинацияланды. Осылайша 50 мың адам 1 мамырға дейін иммундалған болады. Халықтың белсенділігі жаман емес. Біз сондай-ақ ұйымдастырылған ұжымдарға көшпелі бригадамен барып, сол жерде вакцинациялай аламыз», — деді Т.Мұратов.

Ол сондай-ақ емханалардан басқа халықты вакцинациялау «Mega Silk Way»СОО-да жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Жақын арада мұндай пункттер «Хан Шатыр», «Керуен» СОО-ларында ашылады.

«Жыл сайын тұмауға қарсы вакцинаны 130 мың тұрғынға саламыз, бұл — ең осал контингент. Осылайша, бізде қыстыгүні тұмау эпидемиясы болмайды. Бұл жағдайды бақылауда ұстаймыз. Егер қазір коронавирусқа қарсы 300 мың вакцина салсақ, ауру деңгейі төмендер еді. Ал 600 мың қала тұрғыны вакцинацияланған кезде жұқтыру қаупі болмайды», — деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Отырыс соңында Бақтияр Мәкен мүдделі мемлекеттік органдардың бәріне халық арасында, оның ішінде ірі, сондай-ақ өзге де ұжымдарда КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациялау бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.