31 мам, 2024 сағат 10:56

3-4 маусымда Қазақстанда ауқымды сейсмикалық жаттығулар өтеді


Фото: ҚР ТЖМ


Қазақстанның тоғыз өңірінде ауқымды сейсмикалық дайындық жұмыстары жүргізіледі, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ТЖМ мәліметіне сілтеме жасап.


3-4 маусымда еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында "Жер-2024" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.


Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскеменде орналасқан.


"3 маусым сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісіне ұшырау мүмкіндігі бар өңірлерде "Баршаның назарына!" сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады. Сондай-ақ, адам көп жиналатын нысандарда сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.
Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.
Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі", - делінген хабарламада.


Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен далалық медициналық ауруханалар көрсетіледі.