Фото: shutterstock.com
2025 жылдың басынан бастап 1 070 этникалық қазақ тарихи Отанымен қауышып, қандас мәртебесін иеленді. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 149 мыңнан астам этникалық қазақ оралған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың басым бөлігі Қытайдан (51,9%), Өзбекстаннан (37,5%), Түрікменстаннан (7,1%), Ресейден (1,8%) және өзге елдерден (1,7%) қоныс аударды.
2025 жылғы 1 ақпандағы дерекке сәйкес, этникалық көшіп келгендердің 60,2%-ы еңбекке жарамды жаста, 32,9%-ы – кәмелетке толмағандар, ал 6,8%-ы – зейнеткерлер. Еңбекке жарамды қандастардың ішінде 16,7%-ы жоғары білімді, 32,9%-ы орта кәсіби білімді, 48,4%-ы жалпы орта білімді, ал 1,9%-ының білімі жоқ.
Этникалық қазақтар Қазақстанның түрлі аймақтарына қоныстанғанымен, Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары еңбек күші тапшы өңірлер ретінде белгіленді.
2025 жылға аталған өңірлер үшін қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Биылғы 1 ақпанға дейін осы өңірлерге 171 қандас көшіп барды.
Қоныс аударған қандастарға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге арналған субсидия ретінде отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде бір реттік төлем беріледі. Сонымен қатар, бір жыл бойы тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) қаржы бөлінеді.
Ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілер мен қандастарға қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде тұрғын үй сатып алу немесе салу, сондай-ақ ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасын төлеу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50%-ын немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін өтеусіз негізде жабуға мүмкіндік береді.
