19 қаң, 2018 сағат 15:32

2018 жыл Ұлттық ұланда кәсіби даярлық жылы болып жарияланды

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлттық ұланының басшылық құрамының қатысуымен Әскери кеңес отырысы болып өтті. Аталмыш шарада құқықтық тәртіп әскерінің  өткен 2017 жылғы  қызметтік-жауынгерлік даярлығы қорытындыланып, алдағы жылға міндеттер қойылды.

Әскери кеңеске ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов төрағалық жасады. Сондай-ақ, отырысқа  Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Владимир Жұмақанов, Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов,  өңірлік қолбасшылық қолбасшылары, әскери бөлім командирлері, Әскери институт бастығы мен олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Әскери кеңесте негізгі баяндамамен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы  Руслан Жақсылықов сөз сөйледі.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы өз баяндамасында өткен жылдың қызметтік-жауынгерлік әрекетін қорытындылады. Сондай-ақ, алда кездескен мәселелерге қарамастан ұландықтар өздеріне жүктелген міндеттерді толықтай орындағанын тілге тиек етті.

- Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» біздің алдымызға жаңа стратегиялық міндеттер мен басымдықтар қойып, әскердің әрі қарай дамуына серпін береді. Президент, Парламент пен Үкіметтің әскерімізге деген көңілі жыл санап жақсарып келеді. Бүгінде Ұлттық ұланның материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсарып, әскерилердің әлеуметтік мәселелері шешімін табу үстінде. Оған «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа Заңның жарыққа шығуы дәлел. Сондай-ақ әскерилердің жалақылары да көтеріліп, сыныптық дәрежеге де қосымша ақшалай үстемелер бар. Мұның барлығы әскердің қызметтік-жауынгерлік міндеттерін орындауға үлкен септігін тигізеді, - деді өз сөзінде Бас қолбасшы.

Р. Жақсылықов еліміздің қоғамдық қауіпсіздігі мен қорғанысын тиімді қамтамасыз ету бойынша әскерді қазіргі және алдағы міндеттерге сәйкестендіру болып табылатын Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған Даму бағдарламасының орындалу барысымен таныстырып өтті. Онда негізгі басымдық тактикалық қимылдар, кәсіби-лауазымдық даярлық пен басқару органдарын жетілдіруге баса мән берілген. Осы орайда биылғы 2018 жыл Ұлттық ұланда кәсіби даярлық жылы болып бекітілгенін жеткізді.

ҚР Ішкі істер министрі өз кезегінде құқық-қорғау органдары мен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің еліміздегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі орны мен жеке құрамның елжандылық рухындағы тәрбиесіне жете көңіл бөлу керектігін айтты. 

Отырыста сонымен бірге Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы В. Жұмақанов, Бас әскери прокурор Е. Мерзадинов сөз сөйлеп, ұландық әскердің тыныштықты сақтаудағы орнын атап өтті. Сондай-ақ, жиында өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының есебі тындалды.

Әскери кеңестің отырысын қорытындылаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов барлық деңгейдегі командирлер мен бастықтарды әскердің жауынгерлік даярлығына, әскери тәртіп пен құқықтың сақталуына назар аударып, 2018 жылға міндеттер қойды.