03 ақп, 2025 сағат 15:57

" Зәулім үйі мен төрт әйелі бар": Астана қаласының Бас имамы жауап берді


Фото: muslim.kz

Желіде Астана қаласының Бас имамының зәулім үйі мен төрт әйелі бар екені жайлы видео тараған, оған Бас имам Ерболат Жүсіповтің өзі жауап беріп, ақпараттың жалған екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Видеода ер адам зәулім сарайдың аспазын такси жүргізушісі ретінде қызмет көрсеткені айтылады. Бұны елорданың Бас имамы Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу деп есептейді.

"Ассалаумағалейкүм! Құрметті, бауырлар! Қадірлі мұсылман жамағат! Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Фейсбук, тикток  әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екендігін қаперлеріңізге саламын", -дейді Бас имам.



Фото: Ерболат Жүсіпов фейсбук парақшасынан

Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың»-деген сөзді мысалға келтірген Ерболат Жүсіпов арандатушылардың өсек-аяңынан сақтануға шақырды.

"Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының Бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін", -деп сөзін қорытындылады ол.