20 шіл, 2022 сағат 01:36

"Зиратқа тығылған". Алматыда әйелге 11 рет пышақ сұққан ер адам ұсталды


Алматыда Ұлттық гвардия сержанты екі әйелге пышақпен шабуыл жасаған ер адамды ұстады. Күдікті сержанттан қашып, зиратқа тығылуға тырысқан, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"18 шілдеде кешке келісімшарт қызметінің әскери қызметшісі сержант Жарқынбек Айдарханбеков отбасымен үйінде болған. 23.50 шамасында ол әйелдің айғайын естіп, көшеге шыққан. Сөйтіп, белгісіз ер адам екі әйелді соққыға жығып жатқанын көрген. Қылмыскер қорқып, "Достық" қалалық зиратына қарай қашқан. Әскери қызметші қылмыскердің артынан қуған, осы кезде жедел жәрдем мен полицияға қоңырау шалып үлгерген", - деді Ұлттық ұланның баспасөз қызметі өкілі.

Қаскүнем қараңғы екенін пайдаланып, зиратқа тығылған. Ер адам жасырынуға тырысқанына қарамастан, әскери қызметші оны қоян-қолтық ұрыс әдісін қолданып, ұстаған. Айдарханбеков күдіктіні полицейлерге, ал зардап шеккен әйелдерді жедел жәрдемге тапсырған.

"Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдікті Х. 1991 жылы туған. Ол УҰИ-ға қамауға алынды. Қазір Наурызбай аудандық Полиция басқармасы істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары кешенін жүргізіп жатыр", - деді Алматы Полиция департаменті өкілі.

Айта кетейік, Алматыда пышақ ұстаған ер адам әйелге шабуыл жасаған болатын. Оқиға Алматының Наурызбай ауданында болған. Куәгерлердің бірі көршісі әйеліне 11 рет пышақ сұққанын хабарлаған. Себебі әйел оған баласын көрсеткісі келмеген.