Мәдениеттанушы, журналист, аудармашы Зира Наурызбаевамен әңгімеміз оның соңғы жылдары жасаған жобалары мен бүгінгі қазақ қоғамындағы кейбір үрдістерге көзқарас тұрғысынан өрбіді.
— Мәдениеттанушы ретінде қоғамдағы қазіргі тенденцияларды қалай бағалайсыз? Постмодернистік ауандағы көңіл-күй, әлеуметтік желіге байланған тіршілікке көзқарасыңыз қандай?
– Қазіргі қоғамдағы үрдістерді мынау жаман, мынау жақсы деп бағалау қиын. Өйткені, дүниедегі барлық нәрсе салыстырмалы. Мысалы, жастар кітап оқымайды, қысқа мәтіннен әрі қарай аттамайды дейміз. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша аударылған екі том кітаптың құрастырушысы болдым. Сонда ақын Мейірхан Ақдәулетұлы скандинавиялық сопы Фритьоф Шюонның «Исламды ұғыну» атты еңбегін қазақ тілінде сөйлетті. Кейіннен сол еңбек туралы «керемет екен» деген пікір айтты, оған қоса «сұмдық мылжың екен» дегені де есімде қалыпты. Гегельдің «логика жүйесін «ештеңе» ұғымынан бастау керек пе, әлде «бір нәрседен» бастау керек пе» деген сауалды кітаптың 100 бетіне сыйғызып талқылайтыны бар ғой. Кейбір кітаптарының кіріспесі 200 бетке дейін созылады.
Батыс ілімінде ойды тарқату, сан қырынан көрсету, себеп-салдарын анықтау, яғни, дискурс жағы басым. Сол тұрғыдан келгенде кейбір еңбектер шынында өте мылжың сияқты көрінеді. Мұны не үшін айтып отырмын? Біздің буын кітап оқып өскен ұрпақ. Бойларына жазба мәдениеттің дәстүрін сіңірген. Үлкен дүниелерді оқуға да, жазуға да бейім. Ал, қазіргі қалыптар қысқа. Бір жағынан алып қарасақ, ата-бабаларымыз аз сөзге көп ойды сыйғызып айта білген. Бұл формалар соған үйрететін болар деп те ойлаймын. Екінші жағынан өнер, әдебиет, мәдениетті «Инстаграммен» өлшейтін, құндылықтар туралы танымы бөлек, дүниеге көзқарасы басқа жастардың өсіп келе жатқанын да мойындау керек.
– «Қазақтың мәңгі аспаны» атты кітабыңыз жарыққа шықты. Осы еңбектегі талдап түсіндіру, салт-жораларды қайта жаңғыртуда қандай негізгі тұжырымдамалық идеяларды басшылыққа алдыңыз?
– Негізі о баста белгілі бір тұжырымдама болған жоқ. Бұл жиырма жылда жазылған дүниелердің басын қосқан кітап. Адам баласы жылдармен бірге өсу, даму эволюциясынан өтеді емес пе? Бір кездердегі қызық көрінген нәрселердің орнын кейін басқа бір қызығушылықтар басады. Сосын тіпті басқа бір идеялар еліктіреді. Ал, өз түп-тамырыңды іздеу, соны табуға талпыныс жасау адам санасына үнемі қозғау салып отырады.
Мені кішкене кезімнен тәрбиелеген нағашы әжемнің болмыс-бітімі де әлі күнге көз алдымда. Ол адамгершілігі мол, дана, еңбекқор, мейірімді адам болатын. Аштықты, тәркілеуді, қуғын-сүргінді көрген сұңғыла әжем сол кездегі киноларды қарап жатып, «иә, қазақ сондай надан болған ғой» дейді де, әрі қарай үндемейтін. Сөзінен бір кекесін сезілетін. Кейіннен ашыла бастады ғой. Бірақ, өкінішке қарай, 24 жасқа келгенімде ол кісі өмірден өтті. Сұмдық депрессияға түстім. Түп-тамырды іздеу туралы алғашқы ойлар сол кезде келе бастады ғой санамызға. Өз мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды тани түсуге деген талпыныс аспирантураның соңғы курсында қорғауға тиіс тақырыбымды жазып аяқтауға мұршамды келтірмеді. Менің халімді сезген құрбыларымның бірі «Зира, сен мұндай көңіл-күймен ғылым философиясы туралы тақырыбыңды қорғай алмайсың. Тез арада қазақ мәдениеті туралы жаз», деді. Бітіруге жарты жылым ғана қалған. Мен шынымен де қазақ жырының бірнеше нұсқасын салыстырып, қазақ мәдениеті туралы диссертация жазып шықтым. Ондағы мақсатым – әжеме жақындау еді. Міне, содан басталған таным-түсініктер ғой кітапқа арқау болған.
Мен сияқты орысша оқыған, батыс мәдениетінің ықпалында кеткен, бірақ, өзінің тамырын іздеп жүрген адамдарға қазақ мәдениетін қарапайым түрде түсіндіре салуға болмайды. Философиялық тұрғыдан, басқаша әдіснамамен түсіндірмесең біздің санамыз қабылдамайды. Осы тұрғыдан келгенде «Қазақтың мәңгі аспаны» күрделі философиялық еңбек деуге келеді. Мұнда қазақ мәдениетінің исламға дейінгі қабаттарын аршуға талпыныс жасалды. Кейбір салт-жоралардың, әдет-ғұрыптардың адамды жетілдіруге қандай ықпалы болғаны ашылды. Біздің қазақ мәдениеті дәстүрлі мәдениеттің қатарына жатады. Дәстүрлі мәдениетте адамды жетілдіру, оны басқа деңгейге көтерудің, оның бір рухани, әлеуметтік сатыдан екінші бір сатыға өтуінің өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Батыста инициация деген ұғым бар. Латын тілінен аударғанда «енгізу, қатарға кіргізу, қатарға қосу» деген мағынаны береді. Осы инициацияға бір бөлім арнадым.
– Ол қандай ерекшеліктер деген сауал сұранып тұр ғой осы жерде?
– Кезінде марқұм жұбайым, сан қырлы өнер иесі Таласбек Әсемқұлов «Жылан қайыс» ырымының сипаттамасы» деген мақала жазды. Ол өзі бес-алты беттік мақала болғанымен, көтеріп тұрған жүгі ауыр, салмақты дүние. Инициацияға қатысты менің тіреуіш нүктем – сол мақала болды. Яғни, адамды жетілдіруге қатысты басқа да ғұрыптарды аштым.
Қазір біз жетім деп ата-анасынан айрылған баланы түсінеміз. Ертеде жетім деп қатал сынақтан өту үшін бір өзі қалып, адамдар қауымынан тыс өмір сүрген, елін қорғауға, азық табуға үйреніс үстіндегі бозбаланы айтады екен. Содан өткен соң ғана салтанатты түрде қатарға қосылатын дәстүр болған. Жалпы, қазіргі бесікке салу, тұсау кесу, тоқымқағар басқа да әдет-ғұрыптардың өзіндік терең мағыналары бар. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде адамды адамдық сапаға көтеру, оны барлық жағынан жетілдіру басты орынға қойылған. Ол үшін әр жаста атқарылатын әдет-ғұрыптар бар. Және мұның өзі қоғамға керек деп есептеймін. Өйткені ол түп санамызда бар.
– Қазір қандай жобалар бойынша еңбектеніп жатырсыз?
– Соңғы бір-екі жылда дәстүрлі музыка туралы «Тылсым перне» деген радиохабар жасадым. Хабарды әзірлеу барысында қазақтың әншілері мен күйшілері туралы көптеген кітаптар оқыдым, мәдениеттанушы деңгейінде өзгеше қалыппен қорытып, тыңдармандарға ұсындым. Екінші жасаған негізгі жобам – «Төрт бұлт» деген атпен кітап жазып бітірдім. «Төрт бұлт» деген атауды қоярда «Қазақтың мәңгі аспанымен» байланысы болуын ойладым. Екіншіден, Құртқаның мол жасауын көргенде Қобыландының «маған қандай сыйыңыз бар?» деп қыз әкесінен сұрайтыны бар ғой. Сонда ол төрт бұлтты «сыйға тартады». Дәстүрлі түсінікке салсақ, төрт құбылаң түгел болсын деген мағынада. Қазақтың арғы-бергі тарихындағы 35 тұлға туралы кітап бұл. Мұнда билер де, батырлар да, әнші-күйшілер де, саясаткер, бизнесмен, меценаттар да бар. Кітапқа көптеген зерттеу жұмыстарына нысан болған атақты тұлғалардың кейбірі кірген жоқ. Өйткені, олар жайлы деректер мол. Орыс тілді аудиторияға белгісіз, қазақ тілді оқырман үшін де онша бейтаныс Тобанияз Әлниязұлы, Тұрысбек Маманов, Қаражан Үкібаев сынды тұлғалар бар ішінде. Сондай-ақ, таныс та болса көп қырлары ашылмаған Құнанбай қажы, Тәттімбет сері сияқты тұлғаларды басқаша бір көзқараспен беруге тырыстым. Алашорда өкілдерінің тұлғаларын ашуда да жастарда бір көзқарас қалыптасатындай деңгейде орындауға талпындым. Әлі жарыққа шыққан жоқ. Биыл көктемде жарыққа шығады.
– Сіз қазақша жақсы біле тұра еңбектеріңізді көбінде орыс тілінде жазасыз. Қазіргі біздің қоғамда қазақтілді аудитория, орыстілді аудитория дейтін ұғымдар қалыптасты. Сіздіңше осы үлкен екі аудиторияны қалай жақындастыруға болады?
– Рас, қазақ тілінде де сөйлеп, жаза алғаныммен көбінде орысша жазамын. Бірінші себебі, мектепте, университетте білімді орысша алдым. Сондықтан орысша жазу оңай. Екіншіден, көбінесе жеке тапсырыстармен жұмыс істеймін, тапсырыстардың дені орыс тілінде болады. Ал енді қазақтілді, орыстілді аудитория мәселесіне келсек, мен негізгі мәселе тілде деп ойламаймын. Бұлар жалпылама ұғымдар. Қазақтілділердің ішінде де орысша жақсы сөйлеп, жаза алғаны былай тұрсын, орыстың мүддесі тұрғысынан ойлайтындар мен батыс, араб мәдениетінің ықпалына түсіп жатқандар да кездеседі. Орыстілділердің ішінде де қазақша білгенімен, ниеті адал болға нымен, қате сөйлеуге намыстанатындар жетерлік. Сондай-ақ, бұлардың арасында да орысқа, батысқа еліктейтіндер бар. Батысқа еліктейтіндері тіпті орыс тілін ұмытып, ағылшынша сөйлеп кетті. Мәселе басқада. Қай тілде сөйлесе де олар қазақ елінің патриоты ма? Осы мәселе толғандырады.
– Таласбек аға екеуіңіз құрған «Өтүкен» сайтының қазіргі халі нешік?
– Ол сайтты құрған кездегі негізгі мақсатымыз – оқырман тарту еді. Жасыратыны жоқ, оқырман көбейту арқылы қаржы табуды да ойладық. Әлеуметтік желілер онша дамымаған кез еді ол. Сөйтсе де, екі жарым миллионнан аса оқылым болғаны үлкен жетістік. Соңғы екі жыл мен үшін өте ауыр болды. Таласбек өмірден өтті. Сайтқа онша көңіл бөлмедім. Бір жағынан арзан жарнамаға да жол бергім келмейді. Таза ұстауға тырысам. Менің осы жағдайымды білетін бір жігіт Атыраудан хабарласып, сайттың техникалық базасын өзгертуге, дамытуға қаржы бөлді. Рахмет оған. Қазір сайт жаңғыру үстінде. Ал, жалпы, келешекке қойған негізгі мақсатым – Таласбектің қалған бес томдық кітабын шығару. Сосын «Серікбол Қондыбайдың концепциялары» атты ғылыми кітапты жазуға тапсырыс алдым. Бір порталмен «Қазақстанның киелі географиясы» деген жоба бастағалы жатырмыз. «Тылсым перне» бағдарламасының негізінде «Қазақ музыкасының баламалы тарихы» деген кітап дайындау қажет. Және балаларға арналған шытырман оқиғалы «Алтын тостағанды іздеу» хикаятының жалғасын оқырмандар сұрай береді. Соны да қолға алу керек. Қысқасы, жоспарлар жетерлік.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан» газеті