31 нау, 2017 сағат 10:35

Жыныс ауыстыру: азғындық па, амалсыздық па?

Бүгінгі медицинаның дамығаны соншалық, адамның кез келген ағзасын қиналмай ауыстыратын болды. Өкпе, жүрек, ұйқы безі, бауырды ауыстыру былай тұрсын, қазір әйелді – еркекке, еркекті – әйелге айналдыру да түк болмай қалды. Қорқыныштысы сол, соңғы жылдары жаратылыстың заңына қарсы шығып, өзінің жынысын ауыстыруға ынта білдіргендердің қатары көбейген. Бұрын қоғамға жат мұндай көріністер тек Батыс елдеріне тән секілді көрінетін. Сөйтсек, күллі әлемді алаңдатып отырған бұл кесапат Қазақстанды да айналып өтпепті. Еліміз заң жүзінде рұқсат берген 2009 жылдан бері елімізде 25 адам жынысын ауыстырып үлгерген. ҚР Әділет министрлігінің берген ақпараты бойынша, 2015 жылы – 8 адам, былтыр 3 азамат жынысын ауыстыруға байланысты аты-жөнін өзерткен екен. Соның ішінде төртеуі жынысын әйелден еркекке ауыстырса, төртеуі керісінше, еркектен әйелге «айналған».

ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ АЛАҢДАТАРЛЫҚ

Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишен» деп атайды. Яғни, ағылшын тілі­нен аударғанда «ауысу, өту» деген ма­ғы­наны білдіреді. Жаратылысында әйел бола тұра өзін еркек сезінетіндерді немесе тумысынан еркек бола тұра әйел рөлін алып жүргендерді жыныстық сәйкес­сіздігіне қарай, «трансгендерлер» дейді.

Әлем бойынша жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасал­ған екен. Бастапқыда жұбайының өтініші­мен әйел болып киініп, жаңа туындының кейіпкеріне айналған ол бірте-бірте әйел киімін үстінен таста­май­тын болған. Себебін сұраған жақында­рына ол өзін әйел кейпінде өте ыңғайлы сезінетінін айтқан. Ақыры Эйнар жыны­сын ауыстыруға ота жасатып, есімін Лили Эльба деп өзгертеді. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген ол бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен екен. Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы бір күнде сыр беріп, Эйнар қайтыс болады.
Жалпы, ХХ ғасырдың басында өзінің әу бастағы жаратылысын «қателік» деп танып, жынысын ауыстырғысы келетін­дерге бірден «шизофрения» деген диагноз қойып, оларды өмірбақи психиатриялық ауруханада қамап ұстаған екен.

Қоғамның осындай қарсылығына қа­рамастан, жыныс ауыстыру операциясын жасырын жасайтын клиникалар да бол­ған. 1940 жылы Гарольд Жиль атты әйгілі әске­ри хирург ағылшын қызы Лауре Диллонға ота жасап, оны еркек етіп шығарады. 1953 жылы Джордж Уильям есімді америкалық солдат әйелге ай­налады.

Трансгендерлердің қаулап көбейген шағы – 1972 жыл. Дәл осы жылы бөтен ағза­ны қондырған кезде иммунитеттің қар­сылығын басатын «Циклоспорин» дәрісі пайда болған. Осы препараттың арқасында талай операциялар сәтті өтіп, бұрын ағзаның жаңа органды қабыл­дамауынан жапа шеккен трансгендерлер еркінше ота жасата беруге мүмкіндік алған. Кейбір мемлекеттердің жыныс ауыс­тыруға заңды түрде рұқсат бере бас­тағаны да осы тұс. Сол елдердің алғаш­қысы Швеция болды.

Тарихта адамдардың жынысын күш­теп ауыстыру жағдайлары да кездес­кен. Айталық, небір қорқынышты тәжіри­белер жасаумен аты шыққан немістің Йозеф Менгеле атты дәрігері кезінде өзі жұмыс істеген Освенцим лагерінде тұт­қындардың жынысын күшпен ауыс­тырып, тәжірибе жасаған көрінеді.

Сондай-ақ Үндістанда жыл сайын жүз­деген қыз бір жасқа дейін жыныс ауыс­тырудың құрбаны болады екен. Отбасында қыздан гөрі ұл баланың дү­ниеге келгенін тәуір көретін кейбір үн­ділер жасқа да толмаған қыздарын жасы­рын клиникаларға апарып, жыны­сын еркекке ауыстыруды әдетке айналдырған. Әке-шешесінің қалауымен еркінен тыс еркекке айналған байғұс қыздар шақалақ шағынан гор­мондық дәрілерді уыстап ішуге мәжбүр. Бұл туралы кезінде Лайфньюс ақпараттық порталы жазғаны есімізде.

Қазіргі таңда жыныс ауыстыру жағы­нан Тайланд көш бастап тұр. Осында ота жасатуға көптеген елдің трансген­дерлері ағылады екен. Себебі, мұндағы отаның құны өзге мемлекеттерге қарағанда бір­неше есе арзан.

Еркекті әйелге, әйелді еркекке айнал­дыру жағынан Иран да Тайландтан қалыс­пайды. Мұнда шамамен жылына 500-ге жуық жыныс ауыстыру операция­сы жаса­лады. Теократиялық Иранда бұған қалай рұқсат берілгені түсініксіз. Біздің білеті­німіз, аурулар мен денсау­лыққа байла­ныс­ты мәселелердің халық­аралық жіктемесінде транссек­суалдық әрекет психикалық ауыт­қушылық ретінде осы тізімге енгізілген. Көптеген елдердің оған ауру ретінде қарап, жыныс ауыстыруға рұқсат беретіні сондықтан.

Әрине, жыныс ауыстыру біздің елде ғана емес, Еуропа, басқа мемлекеттерде де қоғамға жат әрекет ретінде қаралады. Оған қар­сылық білдіруші жұртшылықтың қара­сы да көп. Тіпті жыныс ауыстыруға ниет­­тілердің қатарын азайту үшін транс­сек­суа­лизмді халықаралық аурулар жікте­м­е­­сінен алып тастауды ұсынғандар да баршылық. Алайда әзірше ол мүмкін болмай тұр.

ҚАЗАҚСТАН ДА ҚАҒЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ

Ата-баба дәстүрінен, діні мен ділінен алшақтай қоймаған қазақ үшін жара­тылысына қарсылық білдіру – нағыз азғындық. Жыныс ауыстыру секілді жат қылықтарға біздің өмір сүріп отырған қоғамымыз үрейлене қарайды. Мента­литетіміз де оған сай келмейді. Тіпті мұндай мәселе көп айтыла бермейді. Алайда соңғы жылдары елімізде көрініс тапқан бірнеше тосын оқиға Қазақ­станның да одан қалыс қалмағанын меңзейді.

Әнебір жылы жынысын ауыстырған полицей оқиғасы шу болып, елді бір дүрліктірді. Құқық саласында он жылдай қызмет еткен әйел адам жынысын еркек­ке ауыстырғанын естіген жұрт жаға­сын ұста­ды. Бәлкім, бұл оқиға да жабулы күйін­де қалар ма еді, егер әлгі полиция қызметкері жұмыстан қуыл­мағанда. Бұрынғы Вика, қазіргі Виктор­дың қазақ болмағанына іштей шүкір еткеніміз рас. Жұмысын даулап жүрген ол арасында жынысын тегін ауыстырғанын да айтып қалғаны есімізде.

Осы мәселеге қатысты былтыр тағы бір келеңсіз оқиға қоғамда «бұрқ» ете қалды. Еркектен әйелге айналып, ашы­наларынан ақша бопсалап жүрген бір трансгендер полициялардың қолына түсіп қалады. Құжатын әлі өзгертіп үл­гермеген әлгі әйел­ді полицейлер не еркек­тердің, не әйел­дердің түрмесіне тоғытарын білмей, әбден басы қатқан. Бұл трансгендер атаулының түрмеге алғаш түсуі екен. Ақыры, бұрынғы Хасан, кейінгі Виктория жазасын өтеуге әйел­дердің жанына жіберілген.

Жынысын ауыстырғысы келген тағы бір қазақстандық Адам құқын қорғау жө­ніндегі ұлттық орталықтың есігін қаққаны жұртшылықтың есінде болар. Өмірге әйел болып келген ол уақыт өте келе еркек болғысы келетінін сезінген. Бұл ой әбден маза бермегеннен кейін ол дәрігерлерге көмек сұрап барады. Бірақ ақжелеңділер оған көмектесуден бас тартып, райынан қайтаруға үгіттейді. Дегені болмай, амалы таусылған әйел ақы­ры Адам құқықтарын қорғау орта­лы­ғына жүгінген. Бұл орта­лықтың заңгер­лері осы жөніндегі халықаралық құжат­тарды ақта­рып, тиісті министр­ліктермен ақыл­даса келе, ақыры әлгі әйелге жыныс ауыстыру операциясын жасауға рұқсат алып берген.

Міне, бұл еліміздегі қоғамның алды­на абайсызда шығып кеткен оқиғалардың бірі бөлігі ғана. Оның сыртында жұрт­шылыққа әшкере болмай, жасырын жаса­лып жатқан операциялар қаншама? Жоғарыда қанша адам жынысын ауыс­тырғанын айта кеттік. Олар туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі хабарсыз болып шықты. Олардың уәжіне сенсек, жыныс ауыстыр­ғандар опера­цияны шетелде, жекеменшік клини­каларда жасатуы мүмкін. Жекемен­шіктер министрлікке бұл туралы есеп бермейтін көрінеді. Тиісті ведомство өкіл­дері Алматыдағы «Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ-та жа­салған операциялардан ғана хабардар. Себебі, жыныс ауыстыру отасын жаса­туға мемлекеттік медицина мекемесіне жү­гін­гендер осы орталыққа жіберіледі екен. Ғылыми орталықтың басқарма төраға­сының ғылыми-зерттеу жұмысы бойын­ша орынбасары, медицина ғылым­да­рының кандидаты Ілияс Мұхамед­жанның бізге берген мәліметі бойынша, 2006 жылдан 2016 жыл аралығында осында жыныс ауыстыру бойынша 3 квота бөлінген екен. Алдыңғы жыл мен былтыр жынысын ауыстыруға байланысты ешкім де көмек сұрап келмеген. Жалпы, уро­логия ғылыми орталығында жыныс ауыстырған 3 пациенттің екеуі еркектен әйелге айналса, біреуі керісінше, әйел жаратылысынан бас тартып, еркек болу­ды жөн санаған.

ТУА ПАЙДА БОЛА МА, ЖҮРЕ ҚАЛЫПТАСА МА?

Белгілі жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасында басты кейіпкер:
«…Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жа­рылуы деп атайды. Психопатологияның бір түрі. Яғни, бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесінің» кезектесіп, не қатар өмір сүруі. Мұның бәрі мидың шешілмей жат­қан жұмбақтары ғой» дейді. Трансген­дер­лердің жағдайы да осыған ұқсас. Кейбір дәрігер-мамандар еркектің әйел, әйелдің еркек болғысы келетін сана-сезімі құрсақта жатқанда пайда болады дейді. Яғни, ана жатырына біткен шарананың денесі мен миы екіге жарылады. Мысалы, ұрықтың әу бастағы жаратылысы еркек болса да оның миы әйелге тартады. Оның себебі, нақты неде екені әлі күнге басы ашыл­маған мәселе. Дәрігер-ғалымдардың кейбірі трансгендерлердің пайда болуына әйелдер бойындағы гормондық бұзылыс­тар әсер етеді десе, енді бір бөлігі табиғат­тың жара­тылысына балайды. Кейбір психологтар отбасындағы тәрбие мен әртүрлі психи­калық жарақаттар трансген­дерлердің жүре пайда болуына әкеледі дейді. «Транс­гендерлер әйел мен еркек жаратылысының ортасында өмір сүреді. Түптің түбінде оларға бәрібір бір таңдау жасау керек. Өйткені екі жаратылыс иесі бір денеде өмір сүруі мүмкін емес» дейді тағы бір деректе. Не десек те бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл бір қоғамның трагедиясы.

Жыныс ауыстырғысы келетіндерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – ананың құрсағында жатқаннан физиологиялық бұзылысқа ұшырағандар, екіншісі – жара­тылысынан қос жынысты болып туғандар, яғни, гермафродиттер. Соңғы­лар­дың жағдайында жынысын ауысты­руға шариғат заңы да қарсы емес. Транс­гендер­лердің қалауын ислам харам іс санайды.

Шетелдегі сияқты біздің елде де жы­ныс ауыстыруға заңды тұрғыдан рұқсат берілген. Ол үшін әлгі адамның психо­логиялық ауытқушылығы жоқ, бірақ жынысына сәйкессіздігі дәлел­денген болуы керек. «Транссексуализм» диагно­зын нақтылау үшін бір жыл тексе­рістен өтіп, психиатрлардың қоры­тындысын алу қажет. Әрине, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінде арнайы комиссия құрылып, олар жынысын ауыстырғысы келетін адам­ды райынан қайтаруға әрекет жасай­ды. Оған да көнбесе, амал жоқ, рұқсат беріледі.

Тиісті мамандардың, соның ішінде психиатрдың рұқсатын алғаннан кейін еркектен әйел, не әйелден еркек болғысы келгендер бір жылға жуық гормондық дәріні үзбей ішеді. Яғни әйел болғысы келетін еркек адамға эстроген гормонын, әйелден еркекке айналғысы келетіндер еркектік гормон – тестостеронды ішуі керек. Эстроген гормонын тиісті мөл­шерде қабылдаған еркектің бітім-болмысы өзге­ріп, нәзіктеніп, әйелге тән белгілер пайда бола бастайды. Ал әйелде керісінше. Осы­дан кейін барып, хирур­гиялық жолмен жынысы өзгертіледі. Дәрігерлердің ай­туын­­ша, операция 5-6 сағатқа созылады. Жы­ныс ауыстыру бір ғана отамен шектел­мейді, әйел не еркек толыққанды жүрек қалауына жету үшін бірнеше ота жасалады.

Адамға қондырылатын ағза ешқайдан алынбайды, оған донор мүшенің де қаже­ті жоқ. Мамандар өзінің ағзасынан, не те­рі­сінен-ақ қалаған жынысын жасап береді.

Бұдан кейін жынысын өзгерткендер өмір бойы гормондық дәрілер ішуге мәж­бүр. Бұл өз кезегінде адамның өмір сүру жасын да қысқартуы мүмкін. Өйткені гормондық дәрілердің бауырға, басқаға тигізер кері әсерін айтпасақ та түсінікті.

Алайда, адам жынысын ауыстыра алғанымен, генін ешқашан өзгерте алмай­­ды. Жыныс жағынан әйел еркекке айнал­ғанымен, бәрібір гені оның әу бастағы жаратылысы әйел екенін айғақ­тайды. Қанша дәрі ішкенімен трансген­дер­лердің бойында ескі гормондары сақ­талады. Ол ара-тұра бой көтерген кезде кейбір трансгендерлер ішіп жүрген гор­мондық дәрілерін шектен тыс көбейтіп жібереді екен. Бұл олардың психикасына да әсер етіп, түптің түбінде қайсыбіреулері өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барады.

Әлемде талай атақты трансгендерлер бар. Бірақ олардың көбі мұндай қадамға барғанына өкінетінін айтқан. Сондықтан жаратылыс заңынан аттамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн-ау.


Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы, исламтанушы:
– Әр адамның қандай жыныста болатыны ананың құрсағында біткен күннен жазылады. Жаратушы иеміздің бұл құдіретіне ешкім де қарсы келуге тиіс емес. Қазіргі таңда медицинаның дамуы адамзатқа үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр. Мысалы, бүгінде ағасы інісінің өмірін құтқару үшін бауырын бөліп берген, баласы анасына бір бүйрегін берген жағдайлар аз емес. Шариғат заңы бойынша өмір мен өлім ортасында арпалысып жатқан жандарға араша түсу – үлкен сауапты іс. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең» деп адамдарға өмір сыйлаудың сауабы көп екенін өсиет еткен. Әрине, ағза берген адамның өзіне зиян болмауы керек. Егер қайтыс болған адам басқаны құтқару үшін ағзасын беруді өсиет етіп кетсе немесе жақын туысқандары рұқсатын берсе, онда ол марқұмның мүшелерін алуға болады. Бірақ дене мүшелерін саудаға салу – үлкен күнә. Оны сатуға, арам пиғылға пайдалануға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады.

Ислам бойынша адамға өзінің жаратылысы ұнамай, ағзасын өзгертсе, ол күнә саналады. Мысалы, жынысты ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Ол жөнінде Алла Тағала «Ниса» сүресінің 119-аятында Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін».

Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты» деген. Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы. Сондықтан аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – кешірілмес күнә әрі харам іс. Мұндай іске барған әрбір адам қатаң жазаға лайық болады. Адамның ағзасы – Алланың берген аманаты. Оны қалай пайдалансам да, өзім білемін деу – үлкен ағаттық.


Лимана ҚОЙШИЕВА, психолог:
– Еркектің өзін әйелше сезінуі, әйелдің өзін еркекше ұстауы – денсаулықтағы кінәрат я гормондық бұзылыстың туа біткенінен болмаса, көп жағдайда психикалық ауытқу емес, жетіле келе қызығушылығына, ортасына қарай қалыптасып жатады. Бұл – жүре қалыптасатын мінез. Оны дер кезінде бай­қап, дұрыс бағыттап жіберсе, түзетуге болады. Адамдардың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде ортаға бейімделгіш, еліктегіштері болады. Трансгендерлерден көбі осындай адамдардан шығады. Сондықтан ондай жандарға дұрыс тәрбие қажет.

Шынымен де қазір қыз бен ұлдың талғамына, киім киісіне, ортасы мен ойынына мән бере бермейтін болдық. Ұлдарымыз қыздар сияқты балағы тар, белі қиылған киімдер кие береді. Бала кезімізде қызғылт түсті киім киген ұлға үрке қарап «қызтеке» деп айдар тағатын едік. Ер балалар болса, қыздармен ойнауды намыс көріп, олардың ойыншығына да жуымайтын. Ойлап қарасақ, мұның өз үлкен тәрбие. Ал қазір ше? Ұлдарымыз ұсақталып кетті. Ұлдың тәрбиесінде әкенің рөлі үлкен екенін ұмыттық. Әкенің айбары, әкенің қаһары не екенін жадымыздан шығардық. Ұлдың да, қыздың да тәрбие тізгінін әйелге беріп қойдық. Ер бала әкесіне еріп, шеге қағып, бұранда бұраудың орнына шешесімен бірге қамыр илеп, тамақ пісіріседі. Ерлікке, азаматтыққа тәрбиеленудің орнына қызша майысып, қыздың тірлігін жасап жүр. Жібектей нәзік жігіттерден қандай еркектік көруге болады? Сондықтан ұлды – ұлша, қызды – қызша тәрбиелесек қана мұндай келеңсіз әрекеттердің алдын алар едік. Ер баланы өзінің табиғатына қарай бейімдеп, «сен жігітсің, ертеңгі күні Отаныңның тірегісің, отбасыңның қорғанысың» деп тәрбиелеп, санасына еркектік мінезді кішкентайынан сіңіре беру керек. Жастайынан күрес, бокс секілді үйірмелерге беріп, тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу қажет. Құлап қалса немесе төбелесіп таяқ жесе, асты-үстіне түсіп өбектемей, «сен жігіт емессің бе?» деген сөзді сіңіре білуіміз керек. Бұл жерде ұл бала үйдегі, түздегі ер-азаматтарға тән мінез-құлықты, шаруаны алдымен әкесінен үйренуі тиіс. Ал қыз баланы еркекшора қылмай, 8-9 жасынан нәзіктікке, биязылық пен ибалыққа баулығанымыз жөн. Шашын өсіріп, сырға салып, үйдің шаруасына бейімдеудің өзі оның ертеңгі күні жақсы жар, ардақты ана болып қалыптасуына жол ашатыны анық. Әр отбасында әкенің рөлі мен беделі, балаларды тәрбиелеудегі орны жоғары болуы тиіс. Әйел адам қанша мықты болғанымен ешқашан ер-азаматтың орнын баса алмайды. Отбасындағы бала тәрбиесінде, әсіресе, ұлдарды тәрбиелеуде ер-азаматтың ықпалы бәрібір ерек екендігін естен шығармауымыз қажет. Еркектік намысы бар ұл, табиғатына сай тәрбиеленген нәзік қыз бөтен ойға жол бермесі анық.


Ілияс МҰХАМЕДЖАН, «Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
– Қазіргі таңда күллі қоғам алдына өзінің жыныс ауыстырғанын айтып жүргендердің әрекеттер себебі түрлі дер едім. Жыныс ауыстыру отасы – ойыншық емес. Әрбір ота жасауға арнайы көрсеткіш болуы тиіс. Мәселен, транссексуализм диагнозымен сырқаттанған адамдар арнайы сараптан өтіп, өзінің жынысын ауыстыра алады және ауыстырылған жынысына сәйкес төлқұжатын ауыстырады. Жұртшылық бұл қадамға амалсыздан барады. Медицинада «гермафродитизм» деген ұғым бар. Қазақша «қос жынысты» деген мағынаны білдіреді. Тумысынан осы дертке шалдығып, амалсыздан жынысын өзгертуге мәжбүр болған адамдар олай жар салмас еді. Өкінішке қарай, аурудың бұл түрі сирек те болса ұшырасады.
Гермафродитизм – генетикалық сырқат. Жүктілік кезінде әйелдің немесе құрсақтағы шарананың гендік хромосомы мутацияға ұшырауынан пайда болады. Ал ген әртүрлі ультракүлгін сәулелену мен радиоактивтік заттардың әсерінен немесе болашақ ананың бойындағы қандай да бір гормондық өзгерістерден бұзылуы мүмкін. Тіпті ішімдік, есірткі мен әртүрлі тағамдық қоспалар да гендік хромосомалардың өзгеруіне алып келеді. Гермафродитизмді анықтау қиын емес. Артық ағза хирургиялық жолмен алынып тасталады. Ол үшін сырқат адамға генетикалық сараптама жүргізіп, оның кариотипі анықталады. Егер кариотип 46 ХY, яғни еркек адам болып шықса, онда сырқаттың бойындағы әйелге тән мүшелер отамен алынып тасталады. Бұған қоса, адам өзін қандай жыныстың өкілі санайтыны да маңызды. Кейде генетикалық тұрғыдан әйел болып шықса да өзін еркекше сезінетін пациенттер бар. Бұл енді медициналық қана емес, психологиялық, отбасылық тұрғыдан да күрделі мәселе. Қандай жағдайда болсын, мұндай жаны мен тәні ауру жандар психикалық тұрғыдан үлкен қысымға тап болады. Аналық және аталық жыныс бездері дұрыс қалыптасқан, бірақ жасырын гермафродитизмге ұшыраған сырқаттарға заңгерлік және психологиялық көмек ауадай қажет. Кейбіреулер гормоналдық ем-дом алып, жақындарының жақсы қолдауынан кейін дертінен айығып та кетіп жатады.

Ауруды неғұрлым ерте жастан емдесе, соғұрлым ем тиімді болмақ. Сырқатты дер кезінде ауыздықтамаса, ол уақыт өткен сайын асқынып, емделуі қиындай береді. Сондықтан гермафродитизмге шалдыққан жандардың сексуалдық ориентациясын дұрыс бағытқа бұрып, уақытылы емдеткен жөн.

ТҮЙІН:

«Қазақстан Республикасы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекстің 88-бабында «Психикасының бұзылуы (ауруы) бар адамдардан басқа жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамның жынысын ауыстыруға құқығы бар» делінген. Сондай-ақ құжатта «жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейтіндігі» көрсетілген. Демек, психологиялық ауытқуы жоқ , бірақ жынысына сәйкес келу жағынан ауытқуы бар адам жынысын ауыстыра алады. Жынысын ауыстыруға ықылас танытушылардың қатары көбеюіне де осы бап себеп сияқты. Бұл бапты алға тартқан талай трансгендер жынысын ауыстыруға бел буатыны сөзсіз. Кезінде осы бапқа қатысты қоғамдық ұйымдар қарсылық танытқан. Депутаттар бұл бапты қалай қабылдап жіберген деп те шулады. Алайда мәселе онда емес. Мәселе жынысын ауыстырғысы келетіндер квотамен тегін ауыстыра алатындығында болып тұр. Мұндай еріккендерге қаражат шашқанша, бір балаға зар болып жүрген отбасыларға көмектесіп, жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квотаны неге көбейтпеске? Гермафродит болса бір жөн, бірақ дені сау, сырты бүтін адамның «жынысыма сәйкес келмеймін» деген уайымына бола қаржы шашу – ағаттық дер едік. Оданша оларға жан-жақты психологиялық көмек көрсетіп, райынан қайтаруға қол ұшын берсек, әлдеқайда артық болар еді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

"Айқын" газеті