12 қар, 2021 сағат 14:04

Жылдық инфляция соңғы 6 айда алғаш рет өсуді тоқтатты – Ұлттық банк


Қыркүйек айында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп Инфляцияға қарсы ден қою шараларын қабылдады. Оның нәтижесі туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыртқы теріс инфляциялық фон жекелеген тауар нарықтарындағы ішкі дисбаланстармен және экономиканың қалпына келуіне қарай кірістердің өсуімен бірге күрделене түседі, оларды реттеу үшін қыркүйекте Үкіметпен бірлесіп қабылданған Инфляцияға қарсы ден қою шаралары аясында шұғыл қадамдар қабылдануда. Бірлескен күш-жігер арқасында алғашқы нәтижеге жете бастадық, атап айтқанда, азық-түлік бағасы 11,5%-тен 11,3%-ке дейін баяулап, жылдық инфляция соңғы 6 айда алғаш рет өсуді тоқтатты», - деді Ұлттық банк төрағасы Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде. 

Оның айтуынша, қазан айында жылдық инфляция қарқындаған өңірлер саны 13-тен 7-ге дейін төмендеді. 

«Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасында әлі де тұрақты жоғары инфляциялық фон сақталуда. Азық-түлік тауарлары бағасының айтарлықтай өсуін қазанда 10,3%-ке жеткен халықтың жоғары инфляциялық болжамдар қолдап отыр. Жаз айларында инфляцияның айтарлықтай өскенін ескерсек, биылғы шілдеден бастап Ұлттық Банк базалық ставканы 9%-тен 9,75%-ке дейін 75 базистік тармаққа үш рет көтеріп, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізе бастады. 

Біздің пікірімізше, Инфляцияға қарсы ден қою шаралары аясында тауар нарықтарындағы теңгерімсіздікті жою үшін жүйелі және алдын алу шараларын қабылдау 2022 жылдың екінші жартысында инфляцияны 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегінде ұстауға мүмкіндік береді. Сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі, азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуі және әлемдегі жеткізу қатарының қалпына келуі аясында инфляция баяулайды деп күтеміз», - деді Досаев.