10 мау, 2021 сағат 14:14

Жыл соңында инфляция жоғары болуы мүмкін – Ұлттық банк


2021 жылдың соңына қарай инфляция нысаналы диапазоннан 0,4-0,5 пайызға жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жыл басындағы аздаған тұрақтанудан кейін мамырда инфляциялық процестердің жылдық көрсетілім бойынша 7,2%-ке дейін жеделдеуі байқалады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының айтарлықтай өсуі азық-түліктің құрамдас бөліктерінің дезинфляциясымен теңестірілді. Азық-түлік инфляциясы нан-тоқаш өнімдерінің, еттің, жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы өсуінің баяулауы аясында 9,8%-тен 9,3%-ке дейін бәсеңдеді», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Ұлттық банк төрағасы дезинфляциялық процестерге қарамастан, жекелеген тауар нарықтарында қымбаттау жалғасып жатқанын атап өтті. 

«Киім-кешек пен аяқ қиім бағасының 5,9%-ке дейін, бензин бағасының 12,7%-ке дейін өсу қарқынына байланысты азық-түлікке жатпайтын инфляция 6,4%-тен 6,7%-ке дейін жеделдеді. Карантиндік шектеулерді жеңілдету жағдайында жоғарылаған сұраныс аясында, электр энергиясы тарифтерінің артуы мен жекелеген қызметтер бағасының өсуі аясында ақылы қызметтер инфляциясы 4,1%-тен 5,1%-ке дейін жеделдеді. 

Бензин бағасының едәуір күрт өсуін, электр энергиясы бағасының өсуін, барынша күшті фискалдық ынталандыруды және жоғары инфляциялық күтулерді ескерсек, 2021 жылдың соңына қарай, біздің соңғы болжамдарға сәйкес, инфляция нысаналы диапазоннан 0,4-0,5 пайыздық тармаққа жоғары қалыптасуы мүмкін. Сонымен бірге, 2022 жылы біз ішкі проинфляциялық факторлар әсерінің таусылуын және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуін күтеміз. Нәтижесінде инфляция бекітілген дәліз 4-6%-ке кіреді», - дейді Е. Досаев. 

Аталғанды ескеріп, биылғы 7 маусымда Ұлттық банк базалық ставканы 9% деңгейінде сақтауға шешім қабылдаған. 

«Проинфляциялық факторлар тарапынан тәуекелдер іске асқан жағдайда және болжамды бағалаулармен салыстырғанда барынша баяу дезинфляция жағдайында Ұлттық банк ақша-кредит шарттарын қатаңдату бойынша шешім қабылдайды», - дейді Ерболат Досаев.