Азық-түлікті жеткізу тізбегіндегі проблемалар пандемия кезінде басталды және Ресей мен Украина қақтығысында айтарлықтай нашарлай түсті. Бұл туралы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің 5-ші пленарлық отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
АӨСШК Іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, іскерлік кеңес пен бизнес-форумның мерейтойлық отырысының маңызды тақырыбы – азық-түлік қауіпсіздігі.
«Бүгінгі әлемдік тенденция – басты фактор енді баға емес, азық-түліктің қолжетімді болуы екенін де көрсетеді және бұл үрдіс алдағы жылдары өте маңызды болмақ. Бұл жағдайда бізге агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне барынша тиімді тұрғыдан қарау керек. Бұл өз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімді экспорты географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Климаттық аймақтарының, аумақтық орналасуының және табиғи-ресурстық әлеуетінің арқасында Қазақстан таяу арада бүкіл Орта Азия мен Шығыс үшін «азық-түлік фабрикасына» айнала алады. Бүгінгі кездесу аталған салаларда мемлекеттер алдына қойылған міндеттерді зерделеуге, АӨСШК елдерінің тәжірибесімен танысуға, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін ортақ және қолайлы бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береріне үміттенемін», - деді Райымбек Баталов пленарлық отырыстың ашылуында.
Ал ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары сэр Сума Чакрабарти қазіргі уақытта азық-түлік қауіпсіздігі өте ауқымды мәселе болып отырғанын айтты.
«Жеткізу тізбегіндегі проблемалар пандемия кезінде басталды және Ресей мен Украина қақтығысында айтарлықтай нашарлай түсті. Бұл екі ел ауылшаруашылық тауарларының ірі өндірушілері еді. Кейбір бағалау бойынша осы жылдың соңына дейін 1, 9 миллиард адамға азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әсер етеді. Украинада соғыс басталғаннан бері 20-дан астам ел экспортқа шектеу енгізді, көптеген басқа елдер де осы шектеулерді қайталауы мүмкін. Бұған ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – елдер арасындағы азық-түліктің еркін ағынын бұзу болып отыр», - деді сэр Сума Чакрабарти.
Оның айтуынша, бұл проблема бірнеше ондаған жылдар бойы байқалмаған бүкіл әлемдегі инфляцияның көтерілуіне әкеп соғады. Болжамдарға сәйкес, бұл үрдіс бірнеше уақытқа созылады.
«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері және азық-түлік бағасының едәуір өсуі негізінен табысы төмен және орташа елдерге зиян келтіреді, өйткені олар ұлттық табыстың көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Бұл тұрғыда АӨСШК елдері бірқатар салаларда ынтымақтасуы керек. Біріншіден, тиімді және тұрақты технологияларды қолдануды ынталандыруымыз керек. Көптеген фермерлер әлі күнге дейін дәстүрлі әдістерді қолданады. Жаңа технологияларды пайдалану өнімділікті арттыруға ықпал етуі тиіс», - деді сэр Сума Чакрабарти.
Екіншіден, инфрақұрылымға инвестиция арттыру қажет. Фермерлер өз өнімдерін тұтынушыларға тиімді жеткізе алуы үшін жолдар мен қоймаларға, технология жабдықтарына қаражат салынуы керек.
«Үшіншіден, қаржыландыру фермерлер үшін қолжетімді болуы қажет. Көптеген фермерлер бірнеше себеппен қаржыландыруға қол жеткізе алмайды, соның ішінде кепілдің болмауы және несие тарихының болмауы да рөл ойнайды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау әдетте шағын фермерлерге емес, ірі компанияларға көрсетіледі және біз фермерлерді жақсы қаржыландыруды және қаржылық қолдауды біркелкі бөлуді қарастыруымыз керек. Нарыққа бағдарланған шешімдерді әзірлеу үшін АХҚО сияқты платформаларды пайдалануға тиіспіз», - деді сарапшы.
Төртіншіден, спикердің айтуынша, халықаралық саудадағы іркілісті барынша азайту керек.
«Бізге халықаралық ынтымақтастық барынша ашық сауда ағынын сақтау мен экспортқа тыйымдарды барынша азайту, басқа елдермен шараларды үйлестіру үшін қажет. Бұл азық-түлік өнімдерінің елдер арасында кедергісіз қозғалуына және импортқа көп тәуелді елдердегі күйзелісті азайтуға ықпал етеді. ШОБ және азық-түлік ауыл шаруашылығы секторы біздің экономикамыздың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Егер бұл екі сектор нашар жұмыс істесе, ештеңе жұмыс істей алмайды. Бұл екі сала біздің елдеріміздің әлеуметтік өркендеуі үшін, әсіресе кедейлік пен теңсіздікке байланысты проблемалар турасында өте маңызды. Сондықтан оларға ерекше назар аударған жөн. Одан бөлек, әсіресе аймақтық инвестициялық климат қиын болуы мүмкін соңғы бірнеше жылда АӨСШК мүшелері бүкіл өңірге пайда әкелетін шешімдерді табу үшін бір-бірімен тығыз жұмыс істеуі керек», - деді деді Реформалар жөніндегі жоғары кеңес өкілі.
Бұған дейін пленарлық отырыста сэр Сума Чакрабарти шағын бизнестің процестен артта қалу қаупі бар екенін, Үкіметтің шағын және орта бизнеске баса мән беруі қажеттігін айтқан еді. Өйткені цифрлық шешімдер негізінен ірі кәсіпорындар үшін жасалады және шағын және орта бизнес үшін тым қымбат болуы мүмкін.
«Үкімет шағын және орта бизнестің жұмыс орындарын ашудағы маңыздылығын ескере отырып, олардың өсуі мен дамуы үшін, оның ішінде цифрлық процестерді енгізу үшін жағдай жасап, бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Соңғы 10 жылда ЭЫДҰ елдері Қазақстандағы бизнеске нормативтік жүктемені төмендету бойынша жұмыс істеді. Осыдан кейін өткен жылы реттеу тәсіліне негізделген заңнама қабылданды. Жақында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті қолдауға баса мән берді және бұл өте маңызды. Бірақ АӨСШК мүше мемлекеттер мен іскерлік кеңес шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында ынтымақтаса алар еді», - деді сэр Сума Чакрабарти.
Айта кетейік, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл 30 жыл толды. Аталған ұйымның құрамында 27 мемлекет бар және бұл ұйым Азия аумағының 90 пайызын қамтиды.
Сонымен бірге биылғы 27-29 маусым күндері «Астана» халықаралық қаржы орталығы орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселелеріне арналған «Astana Finance Days» V конференциясын өткізеді.
Astana Finance Days – өңірдегі қаржы саласындағы ең ірі конференциялардың бірі. Соңғы төрт жылда бұл конференция жүзден астам елден 15 мыңнан астам қатысушыны қамтыған. Биылғы «Орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік, өсу» конференциясында сарапшылар капитал нарықтары, Ислам қаржысы, Fin&Tech, жасыл даму, инвестиция тақырыптарын талқыға салады.