Алматы облысында "Нұрлы Жер", "7-20-25" және "Бақытты отбасы" бағдарламаларының арқасында өткен жылы 2 443 отбасы пәтер алды, оның 1 779-ы - көп балалы отбасылар. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өткен есеп беру кездесуінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
Халықтың ең өзекті саналатын мәселесі – баспанамен қамту бойынша 2019 жылы 894 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 25% артық.
- Алайда кезектегілер саны азаймай отыр, бүгінгі таңда 50,7 мың адам кезекте тұр, оның 20 мыңы – әлеуметтік әлжуаз санаттағы және 5527-сі – көп балалы отбасылар. Сондықтан биылғы жылы тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым салуға бөлінген қаржы 1,6 есеге ұлғайтылып, 32,6 млрд. теңгені құрады. Барлығы 939 мың шаршы метр үйді пайдалануға беру, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша - 147,7 мың шаршы метр үйді іске қосу жоспарланған. Барлық бағыттар бойынша 3600 отбасыны, оның ішінде 2400 әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін қойдық. Сонымен қатар, Қарасай, Іле, Талғар аудандары мен Қапшағай қаласында жеке құрылыс салушылар 1300 пәтерлік жеті тұрғын үй кешенін салатын болады. Одан әрі жыл сайын кемінде бір млн. шаршы метр тұрғын үйді беріп отырамыз, - деді А. Баталов.
Осы ретте облыс әкімі өңір кәсіпкерлерінің де бұл іске үлес қосып отырғанын ризашылықпен жеткізді. А. Баталовтың айтуынша, олар мұқтаж отбасыларға көмек беруді парыз санап, өткен жылы 170 пәтермен қамтамасыз еткен. Өткен аптада меценаттар Қапшағай қаласында тағы 30 пәтердің кілттерін тапсырды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі