Қазақстанда жыл басынан бері 2600 жол-көлік оқиғасы болып, 410 адам көз жұмған. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейінгі 5 жылда жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады, 20 мыңнан астам адам жарақат алады. Жыл басынан бері 2600 жол-көлік оқиғасы болды. Соның ішінде, өкінішке қарай, 3500 адам түрлі жарақат алды. Ол да оңай емес», - деді спикер .
Оның мәліметінше, биылдыққа жылдамдықты шектен тыс асырудан 758 жол-көлік оқиғасы орын алған.
«Үш ай ішінде 465 жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен болған», - деді Арыстанов.
Сондай-ақ, комитет төрағасы есепті кезеңде 1,2 миллионнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтың жолы кесіліп, 74 мыңға жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Ал жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін 56 мың жүргізушіге айыппұл салынған.
«Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 5,7 мыңға жуық жүргізуші ұсталды. Жыл басынан бері 290 адам жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылды», - деді Атығай Арыстанов.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Жыл басынан бері 450 бала жол-көлік апатынан зардап шеккенін мәлім еткен болатын.