15 нау, 2022 сағат 12:53

Жыл басынан бері 450 бала жол-көлік апатынан зардап шекті – ІІМ


Жыл басынан бері болған жол апаттарында ондаған баланың өмірі қиылды және 450-ге жуық бала түрлі дәрежеде жарақат алды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақаттануын болдырмау бағытындағы жұмыстарға қарамастан, ел жолдарындағы жағдай күрделі. Жыл басынан бері болған жол апаттарында ондаған баланың өмірі қиылды және 450-ге жуық кәмелетке толмаған бала түрлі дәрежеде жарақат алды», - деді Ш. Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.

Әсіресе баспасөз қызметінің өкілі соңғы аптада балалардың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық тудыратынын айтты. 

«9 наурызда Жамбыл облысында жүргізуші мас күйінде көлік жүргізіп, Сарыкемер-Түймекент автожолында жаяу жүргіншіні қағып кетті, нәтижесінде екі жасар бала қаза тапты, баланың анасы ауруханаға жатқызылды. Ал 10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Сығанақ көшесіндегі үй ауласында жүк көлігін жүргізуші мектеп оқушысын қағып кетті, ол ойын кезінде қар төбешіктен көліктің астына түскен, салдарынан 9 жасар қыз мерт болды. 

Осыған байланысты, естеріңізге саламыз: балаларды көшеде қараусыз қалдырмаңыз және оларға көлік жүретін жол жанында ойнауға рұқсат етпеңіз. Балаларға ешбір жағдайда кенеттен шығуға, жүріс бөлігіне, соның ішінде жаяу жүргіншілер өткеліне жүгіруге болмайтынын түсіндіріп отырыңыз», - дейді Ш. Тұрлыбек. 

Осындай қайғылы оқиғалардан кейін және мереке күндері қарсаңында әкімшілік полиция комитеті жол қозғалысының барлық қатысушыларын қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен автомобильдер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады.