Фото: Азаттық радиосы. Шыңжаңнан келген 20 қазақ отбасының бір бөлігі.
Жыл басынан бері 4 502 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 92,4 мың этникалық қазақ оралған.
Осы жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (68,2%) – Өзбекстаннан, 9,8% – Қытайдан, 10,4% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 9,2% – басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,3%), Маңғыстау (20,1%), Түркістан (10,8%) және Жамбыл (6,0%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (5,8%), Нұр-Сұлтан (6,8%) және Шымкент (7,6%) қалаларына қоныстанған.
"1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 63,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23%-ды және зейнеткерлер 13,9%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңейі бойынша 10,9%-ы – жоғары білімді, 40,7%-ы – орта кәсіби білімді, 46,6%-ы – жалпы орта білімді, ал 1,7%-ның білімі жоқ" - делінген министрлік ақпаратында.